Қазақ халқының салт-дәстүрлері

Қазыналы қазақ – салт-дәстүрлерге бай халық. Тарихы ғасырлар қойнауынан бастау алатын әдет-ғұрыптардың сан-алуан түрі бүгінгі күнге дейін жеткен, деп хабарлайды Kazakh TV арнасының тілшісі.

Көне жоралғылардың жұрнақтары Азия аумағында әлі де жақсы сақталып келеді. Көбіне қонақ күтумен байланысты. Олардың қатарында қыз ұзату, сырға салу, сәбиді қырқынан шығару, қонақ кәде мен ерулік сынды жарқын үлгілері бар.

САРСЕНКҮЛ ЗИЯВДИНОВА, ҚХА МҮШЕСІ:

-  Ерулік – бұл  жаңадан көшіп келген, жапсарлас қонған отбасына бұрыннан отырған көршілері қонақасы береді, дәм-тұз татырып, ықылас-пейіл білдіреді. Бұл енді қоныс тепкендерге құрмет көрсетумен қатар, жаңа ортаға жылдам бейімделіп кету үшін жасалатын ырым. Осылайша бірден араласып, бауыр басып қалудың арқасында көршілер тату болады. Бұл –қазақ халқының қонақжайлық қасиетін танытатын жақсы дәстүрдің бірі.

Қазақ халқының дәстүрлерінің тарихы тереңде жатыр. Олардың әрбірінің рухани тұрғыда мән-маңызы бар. Мәселен, сырға салу –  әрбір қалыңдық үшін өміріндегі маңызды сәттердің бірі. Бұл ырым арқылы құдалар қыз алысқанын нақтылап үйге келін түсіретіндерін айғақтайды.    

ЗУЛЬФИЯ МУХАНЗАЕВА, ҚХА МҮШЕСІ:

 - Бұл дәстүр жайында қысқаша айтатын болсақ, қалыңдықтың үйіне күйеу жігіттің жақындары келеді. Қыз беретін жақта қонақтарын кең дастархан жайып қарсы алады. Екі жақ танысып, құдандас болу ниетпен сыйлықтар таратады. Бұл тойдың алдындағы екі жақтың келісімі деуге болады. Аталмыш дәстүрдің басты сәті – ол болашақ келіннің құлағына сырға салу рәсімі. Осылайша жігіт пен қыздың туыстары қызды алып кететін күнді белгілейді.

Кез келген халықтың басты мақсаты – ұрпақтан-ұрпаққа мирас болып қалатын мәдени құндылықтарын қастерлеп, ұлттық дәстүрді көздің қарашығындай сақтау. Ғасырлар бойы қалыптасқан салт-сананы жаңғырту. Бұл орайда қазақ халқының алар орны ерекше. Қайырымды ұрпақ өткенін қадыр тұтып келеді.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов

Фото: toibiznes.kz