М. Горький атындағы орыс драма театры 119-шы театр маусымын ашты

Ең көне елордалық өнер ошағы – Горький атындағы орыс драма театры 119-шы театр маусымын ашты. Бұл жолы алғашқы қойылым ретінде Александр Пушкиннің өшпес жауһарларының бірі «Евгений Онегин» спектаклі таңдалған. Дәл осы қойылым халықаралық фестивальдерде бірнеше рет жүлделі орындарға ие болған еді. Классиканың қазіргі заманғы түрде қойылуы көрермендерге шығарманың кейіпкерлерін терең түсінуге мүмкіндік берді. Айта кету керек, театрда қазіргі таңда Ресейден арнайы шақырылған режиссер Туфан Имамутдинов Гогольдің шығармасының желісі бойынша «Үйлену» спектаклінің тұсаукесерін дайындауда. Сондай-ақ жаңа маусымда театр Гоццидің «Турандот Ханшайымы» атты жаңа италиялық жастар комедиясын ұсынады. Бұл – театрдың көрерменге дайындап жатқан соңғы тосын сыйы емес.

БЕКПУЛАТ ПАРМАНОВ, М.ГОРЬКИЙ АТЫНДАҒЫ ТЕАТРДЫҢ БАС РЕЖИССЕРІ:

 - Қазақстан ұлы Абайдың 175 жылдығын тойлауда. Осы орайда біз Еуропадан режиссерді шақырғымыз келеді, өйткені бізге қазақ классикалық әдебиетінің сырт көзден қалай екендігін білу өте қызықты. Мүмкін осылайша біз Абайды жаңа қырынан танимыз. Сондықтан жаңа маусым өте қызықты болады деп ойлаймын.

Фото: toppress.kz