Вашингтонда Қазақстанның сәндік-қолданбалы өнерінің симпозиумы өтті

Вашингтонда «Қазақстанның сәндік-қолданбалы өнері және жасампаз экономика» атты симпозиум өтті. Форумды елшілігіміздің қолдауымен Әбілхан Қастеев атындағы мемлекеттік өнер музейі мен АҚШ-тың Смитсон институты бірлесіп ұйымдастырған. «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру аясында өткен шара құрама штаттар жұртшылығын көшпенділер мәдениетімен, Ұлы Даланы мекендеген халықтардың дүниетанымы мен құндылықтарымен, тарихи шежіресімен таныстыруға таптырмас мүмкіндік болды. Сақтар мәдениеті мен Ұлы Жібек жолынан тамыр алған қолөнеріміз ғылыми ортада үлкен қызығушылық тудырып отыр.

ПОЛ ТЭЙЛОР, СМИТСОН ИНСТИТУТЫ АЗИЯ МӘДЕНИЕТІ МЕН ТАРИХЫН ЗЕРТТЕУ БАҒДАРЛАМАСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

 - Әбілхан Қастеев атындағы Қазақ өнер мұражайының сәндік-қолданбалы өнер симпозиумына қатысу – біз үшін үлкен құрмет. Бұл – өте маңызды оқиға, онда ғалымдар мен зерттеушілер өнердегі ғылыми және инновациялық тәсілдерді талқылайды. Осында қазақстандық шеберлердің арнайы көрмесі өтіп жатыр. Қолданған материалдары мен бірегейлігі жағынан бұл көрменің орны бөлек. Мен алғаш рет Қастеев музейіне 1999 жылы барғанмын, сол кезден бастап ынтымақтастығымыз жалғасып келеді.  Сіздің музей қызметкерлеріңіз Вашингтонға келіп, үнемі тәжірибе алмасып тұрады. Әбілхан Қастеев атындағы мұражайды бұл қолданбалы өнерді зерттеуге арналған керемет кешен деп білемін. Серіктестігіміз жалғасын табады деп сенемін.

Қастеев мұражайының директоры Гүлмира Шалабаеваның айтуынша, шетелде мұндай конференция мұражай қызметі тарихында алғаш рет өткізіліп отыр және мұндай жоба әлі де жалғасуы тиіс.

ГҮЛМИРА ШАЛАБАЕВА, Ә.ҚАСТЕЕВ АТЫНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК ӨНЕР МУЗЕЙІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:

 - «Рухани жанғыру: жаһандық әлемдегі қазіргі заманғы мәдениет» бағдарламасының арқасында біз шет елдерде осындай көрмелер ұйымдастыруға мүмкіндік алдық. Бұл жағдайда көпшілікті Қазақстанның бейнелеу өнерімен көрнекі түрде таныстырып қана қоймай, сонымен бірге, Қазақстанның дәстүрлі мәдениетіне деген қызығушылықты оятуды қаладық. Жаһандану дәуірінде ұлттық мәдениеттерге қызуғышылық артып келеді. Менімен бірге музей қызметкерлерінің бір тобы келген. Біз кілемдер, тоқымашылық, зергерлік өнер, оюлар мәні секілді түрлі тақырыптарға баяндама жасадық. Сарапшылар қауымдастығының қызығушылығын арттырып, мамандармен сөйлескіміз келеді. Бұл біздің мәдениетімізге, тарихымызға және өнерімізге ғылыми қызығушылық тудырады деп ойлаймыз.

Айта кету керек, Симпозиум Craft2Wear Show көрмесі мен Қазақстан Қолөнершілер одағының «Қазақстан: Тәңір жаны» қазақ өнері аясында өтті. Қолданбалы қолөнер шарасын жыл сайын Смитсон институтының Әйелдері комитеті ұйымдастырады. Беделді өнер алаңында АҚШ пен әлемнің тамаша суретшілері мен дизайнерлерінің жұмыстары экспозицияланады.

Фото: Хабар 24