Қазақстандық суретшілер Ұлыбританияда өткен «Азия шыңдары» көрмесіне қатысты

Ұлыбританияда «Азия шыңдары» атты бейнелеу өнерінің алғашқы көрмесі қанат жайды. Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Молдова және ресейлік қылқалам өнерінің шеберлері 50-ге жуық еңбегін көпшілік назарына ұсынды. Қазақстандық 15 суретші Лондонға пейзаж, экспрессионизм, портрет жанрында салған еңбектерін жіберген. Араларында Елена Фурса, Фариза Нұрпанова, Бибігүл Смақова сияқты талантты суретшілер бар.

МАРАТ АХМЕДЖАНОВ, ЕУРАЗИЯЛЫҚ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ГИЛЬДИЯ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

-  4 жыл қатарынан Орталық Азия шығармашылық адамдарының басын біріктіріп келеміз. Ұлыбритания аумағында көрмелер, концерттер, кітап тұсаукесерлерін өткізіп жүрміз. Мәселен, маусым айында Еуразиялық кинофестиваль тұңғыш рет болып өтті. Шығыс Лондондағы Ромфорд ауданының билігі қолдап, жергілікті халықтың жылы қабылдағанын ескере отырып, осында бірқатар шаралар өткізу үшін қайта оралдық.

ГҮЛЗАДА ХАМРА, «АЗИЯ ШЫҢДАРЫ» ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ТОБЫНЫҢ ӨКІЛІ:

 - Батыс елдеріне біз Орталық Азияны кең көлемде танытқымыз келеді. Тұмса табиғатымызды, көшпенділерге тән мәдениетімізді көрсеткіміз бар.

Шара жергілікті сауда орталықтарының бірінде ұйымдастырылды. Мұнда күн сайын 60000-ға жуық адам келеді. Яғни Ортаазиялық шеберлердің жұмыстарымен танысатын Лондон тұрғындары көп болмақ.

ДЖОНАТАН ФРАЕР, ЗЕРТТЕУШІ:

 - Суреттердің көпшілігі Орталық Азияның тамаша табиғатын паш етіп тұр. Әсіресе, тауларды, ормандарды және ауылдың әдемі көріністеріне тәнтімін. Суретшілер өз еңбектерінде ішкі жан сырын да ашқандай әсер қалдырады.

Photo: assembly.kz