Қазақстанда Ұлттық киноны қолдау орталығы жариялаған байқауының II кезеңі басталды

Қазақстанда Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы жариялаған байқауына қатысу өтініштерін қабылдаудың II кезеңі басталды. Қазан айы бойы кинематографистер сарапшылар кеңесінің қарауына өз жобаларын ұсына алады, деп хабарлайды Kazakh TV арнасының тілшісі.

Қазылар алқасының құрамына бұл индустрияның танымал киносыншылар, сценаристер, режиссерлер продюсерлер, дистрибьютерлер сынды майталман мамандары енген. «Ұлттық фильм» атағына халықаралық байқауларға арналған авторлық еңбектермен қатар, қалың көрермендерге бағытталған коммерциялық көркем және анимациалық кино туындылар да ие бола алады. Еске салайық, бұған дейін кино орталығы қаржыландыру үшін 18 фильмді іріктеген.  

ГҮЛНАР СӘРСЕНОВА, ҰЛТТЫҚ КИНОНЫ ҚОЛДАУ МЕМЛЕКЕТТІК ОРТАЛЫҒЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ ТӨРАЙЫМЫ:

 - Байқаудың басты талабы киноөндіріспен кәсіби түрде айналысып жүрген компания арнайы шығармашылық топпен құрылған дайын сметалық құжат пен сценариі жазылған туынды ұсынуы керек. Егер  кино саласына енді тай-тай басып келе жатқан жас мамандар болса, онда оларға байқау аясында арнайы орындар беріледі. Ол қысқаметражды немесе дебют болуы мүмкін. Біз жас мамандарға қолдан келген көмек жасаудан аянбаймыз. Әрине олардың өз продюсерлерімен келгендері жөн болар еді. Өйткені продюсер біз бөлген қаржы мен оған түсірілген жұмыстың соңғы нәтижесіне дейін жауап беретін болады. Бір сөзбен өндірісті бастан аяқ бақылайды.  

Сондай-ақ мемлекеттік орталық отандық туындыларды қолдау мақсатында «бірыңғай кинобилет» жүйесін ендіруді жоспарлауда. Бұл киноөндірісшілер, дистрибьютерлерге жергілікті кинопрокаттың жай-күйін онлайн режимінде саралап отыруға мүмкіндік береді.

ГҮЛНАР СӘРСЕНОВА, ҰЛТТЫҚ КИНОНЫ ҚОЛДАУ МЕМЛЕКЕТТІК ОРТАЛЫҒЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ ТӨРАЙЫМЫ:

т - Кинозалға билеттерді сатып алуға қатысты барлық кассалық үрдістер бірыңғай ақпараттық орталыққа түсіп, бірден өңделетін болады. Жиналған деректер нәтижесінің негізінде жалпы кірістің мөлшері белгілі болады. Бұл өз жемісін берсе, алдағы уақытта киноөндірісшілер мен кинопракат мамандары үшін жаңа фильмдерді сатып алуда үлкен демеу болады деп санаймыз. Мәселен, Ресейде жүргізілген бұндай сараптау жұмысы 5 жылдың ішінде ондағы киноиндустрия саласының кірісін 30 пайызға дейін өсіруге мүмкіндік берді.  

Айта кетейік, «бірыңғай кинобилет» жүйесін ендіру жұмысы алдағы жылдан басталады.        

Авторы: Жеңіс Ермұқанов

Фото: kazakhcinema.kz