Ұлыбританияда Еуразиялық мәдениет апталығы өтіп жатыр

«Абай мұрасы тек Қазақстан халқына ғана емес, бүкіл адамзатқа ортақ. Оның есімі һәм шығармалары ағылшын ақыны және драматургі Шекспирдің еңбектерімен бір қатарда тұрады». Бұл – британиялық зиялы қауым өкілдерінің пікірі. Біріккен Корольдік астанасында британия жұртшылығы ұлы Абай мұраларын талқылады. Қазақ ойшылы әрі ақынының 175 жылдығына арналған іс-шара Еуразиялық мәдениет апталығы аясында ұйымдастырылды.

ДЖОН ФАРНДОН, ЖАЗУШЫ:

- Абай қоғамның алға жылжуы үшін көп нәрсе жасады. Өзінен кейін өшпес рухани мұра қалдырды. Менің ойымша, Абайдың 175 жылдығы қарсаңында оның шығармашылығы туралы Батыста көбірек айтып, есімін насихаттай беруіміз керек.

Кездесуге Еуразияның көптеген елдерінен жазушылар мен ақындар келді. Қырғызстан, Тәжікстан, Ресей және Молдова мемлекеттерінің өкілдері Абайдың өткен ғасырда айтқан ойлары қазір де өзекті екендігін жасырмады. Ақын шығармалары өмірлік қуат береді және оқырманның дүниетанымын өзгертеді, - деді қонақтар. Қазақстандық өкілдер өз кезегінде Абайдың 175 жылдығына жоспарланған мәдени іс-шаралар туралы айтып берді.

БАҚТЫГҮЛ МАХАНБЕТОВА, ЕУРАЗИЯЛЫҚ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ГИЛЬДИЯ МҮШЕСІ, ӘДЕБИ АГЕНТ:

 - Абайды зерттеп жүрген біздің мықты, қазақ әдебиетінің өкілдерінен басқа, өзге саланың ғалымдары да өздерінің үлестерін қосып жатыр. Мен осы жолы мықты экономист Оразалы Сәбден ағаның Абайды өзінше зерттеп, Абай әлемі арқылы Қазақстанды қалай жоғары деңгейге көтеруімізге болатынын жазған еңбектері туралы бөліскім келіп отыр.

Кездесу соңында Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Молдова және Ресей суретшілерінің «Азия шыңдары» атты көрмесінің ресми ашылуы болды. Бір апта көлемінде лондондықтар қылқалам шеберлерінің 50-ден астам туындысын тамашалай алатын болады.

Фото: profilerussia.com