Алтын адам Малайзияда!

Алтын адам Малайзияда!

Жуырда Куала-Лумпурдағы Малайзия музейлерінің департаментінде Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің «Ұлы дала: тарих және мәдениет» көрмесінің салтанатты ашылуы болды, деп хабарлайды Kazakh TV арнасы.

Көрмеге Ұлттық музейдің ең құнды жәдігері «Алтын адам» қойылды. Әлемді аралап жүрген «Алтын адам» – Қазақстанның символына айналып үлгерді. Өйткені осыған дейін Ұлттық музей ұйымдастырған халықаралық «Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» жобасы аясындағы шара Беларусь, Ресей, Әзербайжан, Қытай, Польша, Оңтүстік Корея, Өзбекстан, Солтүстік Македония және Түркия музейлеріндегі көрмелерде  үлкен жетістікпен өтті.

Көрменің салтанатты ашылу рәсіміне ҚР Ұлттық музейінің директоры Арыстанбек Мұхамедиұлы, Малайзияның Туризм, өнер және мәдениет министрі Датук Мохамаддин бин Кетапи, Қазақстан Республикасының Малайзиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Болат Иманбаев, Малайзия музейлері департаментінің Бас директоры Датук Камарул Бахарин бин А. Касим қатысты.

Естеріңізге сала кетейік, 1960-жылдардың соңы мен 1970-жылдардың басында танымал археолог Кемал Ақышев бастаған топ Есік қорғанынан сақ патшасы – «Алтын адамның» сүйегін тауып, археологиялық сенсация жасаған еді. Баға жетпес олжаға «Қазақ Тутанхамоны» деген ат беріліп, «ғасыр жаңалығы» деп танылды.  Ежелгі дала билеушісінің тәжіндегі қанатты алтын пырақ әшекейлері Қазақстан Республикасы Елтаңбасының бөлшегіне айналды, ал Алтын адамның мүсіні Алматыдағы Тәуелсіздік алаңына орнатылды.   

АРЫСТАНБЕК МҰХАМЕДИҰЛЫ, ҚР ҰЛТТЫҚ МУЗЕЙІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:

 - «Ұлы дала: тарих және мәдениет» көрмесі арқылы Ұлы даланың ежелгі және дәстүрлі өнерімен таныса аласыздар. Бұл көрме «Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» жобасы аясында жүзеге асырылып отыр. Жоба 2017 жылы қолға алынған болатын. Бүгінге дейін өткен күннің өшпес тарихын айқындайтын жәдігерлерді Еуропа және Азия елдері тамашалады. Көрменің басты экспонаты –«Алтын адам». Оның киімі түгел бағалы тастармен, яғни алтынмен өңделген. Сақ жауынгерінің киіміндегі алтынның әр бөлшегінде философиялық мазмұн бар. Қазіргі күні «Алтын адам» Тәуелсіз Қазақстанның басты нышаны екенін атап айтқан жөн. Сіздерге Ұлы даланың жауһар жәдігерлерін таныстыруға мүмкіндік алғанымыз үшін қуаныштымын.

Малайзия музейлерінің департаментіндегі көрмеден, сондай-ақ жебе, қар барысы, арқар, жылқы және құс түріндегі алтын тілімшелер әшекейлеп тұрған  ерекше бас киімді, Алтын адамның реконструкциясын және осы сақ жауынгерімен бірге жерленген ерте темір ғасырының (б.д.д V-IV ғғ.) археологиялық олжаларының коллекциясын тамашалауға болады. Есік қорғанынан табылған заттар арасында ежелгі жазба ескерткіштерінің бірі – руна жазуымен өрнектелген күміс тостағанның экспозициядан алар орны ерекше.

Көрмеге Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің қорларынан барлығы 346 зат ұсынылды.

«Ұлы дала: тарих және мәдениет» көрмесі Малайзияда 2019 жылдың 1 қазанынан 31 қазанға дейін жалғасады.