Шымкентте «Бекзат» фильмінің премьерасы өтті

Шымкентте даңқты боксшының қысқа ғұмыры таспаланған «Бекзат» көркем фильмінің жабық көрсетілімі өтті. «Хабар» Агенттігінің тапсырысымен түсірілген кинокартина осыдан 19 жыл бұрын  Сидней олимпиадасында оза шауып, алтыннан алқа таққан қазақтың батыр ұлы Бекзат Саттархановтың қамшының сабындай ғана қысқа ғұмыры туралы еді. Бұл – спортшы туралы алғашқы өмірбаяндық драма.

РИНАТ КЕРТАЕВ, «ХАБАР» АГЕНТТІГІ АҚ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Біз арнайы Жастар жылына орай Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен осындай жобаны қолға алып, көрермендерге ұсынуды ұйғардық. Егер Бекзат тірі болса, келесі жылы 40 жасқа толар еді. 19 жыл ішінде оның ізін басушы жас былғары қолғап шеберлері, барлық спортшылар оның жетістік формуласын қарастырып, құрмет тұтып келеді.

Ғұмырнамалық фильмде басты рөлді жас актер Самат Әзімқұлов ойнап шықты. Ол кикбокстан жастар арасында екі рет Қазақстан чемпионы болған.

САМАТ ӘЗІМҚҰЛОВ, АКТЁР:

-  Мен фильмге бала кезден келдім деп айта аламын. Себебі Бекзат менің бала кезден кумирім болды. Оны зерттеп өстім. Сыныптастарым куә. Кезінде мен оларға Бекзат аға туралы фильмге түссем ғой деп арманымды айтатын едім.

Кинокартина барлық көрерменнің көңілінен шығып, ешкімді бей-жай қалдырмады. Сондай-ақ олар фильм бір демде қаралатындығын атап өтті. Ал 3 қазаннан бастап, еліміздің барлық кинотеатрларында «Бекзат» туындысы көпшілікке жол тартады.

Фото: Хабар 24