Парижде қазақстандық кино фестивалі өтті

Франция астанасында қазақстандық кино фестивалі өтті. Жергілікті көрермендер соңғы жылдары елімізде шыққан үздік фильмдермен танысты. Олардың қатарында «Айка» драмалық картина, «Қазақ хандығы» тарихи фильмі, «Анаға апарар жол» мелодрамасы мен «Әміре» лентасы бар. «Соңғы туындының орны бөлек болды. Мұнда ол прокатқа «Париж әні» деген атаумен шықты.

САНЖАР МАДИ, АКТЕР:

-  Бұл мен үшін үлкен борыш болды, өйткені бүкіл өмірін Әмірені зерттеуге арнаған Жарқын Шәкәрім Әмірені Париж көрсін, ол Парижге оралсын деп армандаған еді.

Қазақстандық киноның алғашқы фестивалі әйгілі Линкольн кинотеатрында өтті. Кешкі көрсетілімдерде залда ине шаншар орын болған жоқ. Ұйымдастырушылар да басты мақсатына жетіп, кинопрокатпен айналысатын жергілікті мамандардың қазақстандық киноға назарын аудартқан. Фестиваль барысында кино көрсетілімдеріне 120 компанияның өкілі қатысты.  

АНДРЭ ИВАНОВ, ФЕСТИВАЛЬ ҰЙЫМДАСТЫРУШЫСЫ:

 - Біздің мақсатымыз – фестиваль өткізіп, Еуропада әлі білмейтін картиналардың алуан түрлігі мен сапасын көрсетіп, дистрибьюторлар мен тілшілердің оларға қызуғышылығын арттыру болып тұр. Еуропада өтетін халықаралық кинофестивальдерде көптеген авторлық фильмдер жұрттың ықыласына бөленеді. Алайда өзге жанрдағы эпикалық фильмдер еуропалық көрермендерге жетпей отыр.

Фестиваль соңында бүкіл картиналар жүлделермен марапатталды. Ұйымдастырушылар бұл шараны жыл сайын өткізуді көздеп отыр. Фильмдер прокаты фестиваль өтетін күндермен және Франциямен ғана шектелмейді. Еуропаның өзге елдерінде де арнайы көрсетілімдер өткізу жоспарланған.

МЭРИАМ Д’АБО, АКТРИСА:

 - Осы фестивальге қатысу – мен үшін үлкен абырой. Қазақстан мәдениетін кино арқылы Парижде таныту қажет.

Қазақстандық кино сұранысқа ие экспорттық өнімге айналды. Париж көрермендерінің оған қызуғышылығы мұны айғақтап отыр. Фестиваль қонақтары өздері үшін жаңа Қазақстанды – күрделі тарихы, бірегей мәдениеті және үлкен болашағы бар елді ашқан.

Фото: tengrinews.kz