Орталық Азия халықтарының ою-өрнек жасау өнері

Орталық Азия аймағында жалпы түбі бір түркі тілдес халықтардың арасында қолөнердің алар орны айрықша. Бауырлас елдердің мәдениеті, тұрмыстық салтында көптеген ұқсастықтар бар. Әсіресе, баршамызға ортақ көне көркем өнерлердің бірі – оюмен ой өрнектеу. 

Жалпы Орталық Азия өңірінде осынау өнердің тамыры неолит және қола дәуірінен бастау алады. Тарихи жазба деректерге қарағанда 2,5 мың жылдық шежіресі бар. Бұған Жасыбай мен Ұлытау маңындағы тастарға басылған байырғы суреттер куә. Ол – тек тарих таңбасы ғана емес, ұлттық дүниетаным айнасы. Әрбір оюдың өзіндік мән-мағынасы бар. Өрнектерден әр халықтың бірегейлігін танып білуге болады, деп хабарлайды Kazakh TV арнасының тілшісі.

Бүгінде киелі бабалар мұрасының сақшылары ескі мәнерді негізге алып, жаңаша сипатта жасайды. Шеберлердің мақсаты – оюмен көмкерілген ұлттық өнерді кеңге насихаттау.

ТАЗАБИКЕ СӘЛИЕВА, «ЖАЙХУН» ҚАРАҚАЛПАҚ ЭТНО-МӘДЕНИ БІРЛЕСТІГІНІҢ ТӨРАЙЫМЫ:

 - Мінеки мына көк көйлектің алдын «Сырға ою» дейді. Біз басқа елдерден осы сырға ою арқылы көпшіліктен ерекшеленеміз. Кейін бізде геометриялық оюлар болады. Қазақша оюларда домаланып, айналып келеді. Қазақ оюларында бұрыш болмайды. Біздің оюларда бұрыштары бар.

ДАНА АМАНШИНА, ЖАС ШЕБЕР, /ҚАЗАҚСТАН/:

-  Қазақта қыз балаға ең керектісін және қажетін, ұрпақтан ұрпаққа қалдыра алатыны бұл – тігін өнері. Яғни бұрынғы кезде кестелеп тоқу және көрпелер жасау, киіз басу секілді нәрселер болса, қазіргі кезде басқа дүниелер ұлықталады. Ұлттық бренд осы негізгі элемент ою болып саналады. Осы ою-өрнекті әлемдік бренд секілді барлық киім үлгісіне қосып, заманауи киіммен үйлестіріп шығарғым келеді. 

Автор: Жеңіс Ермұқанов

Фото: decormaster.kz