«Томирис» фильмі көрерменге жол тартты

Осыдан 2,5 жыл бұрын бұл фильм тек идея еді. Ал бүгінгі таңда толықметражды картина болып көрерменге жол тартты. Сақ патшайымы туралы «Томирис» фильмінде біздің заманымызға дейінгі VI ғасырда болған оқиға баяндалады. Кішкентай қыздан айбынды жауынгерге айналған, жақындарынан айрылып, сатқындардан өшін алған және сақ тайпаларын біріктіріп, ұлы даланың аты аңызға айналған Томирис патшайымының тағдыры бүтіндей бір фильмге арқау болды.  Ол махаббат пен өз халқының бостандығы үшін сол замандағы ең қияметті соғыста Парсы империясының  патшасы Кирмен шайқасады. Картинаның сценарийін жазуда тарих атасы Геродоттың еңбектері пайдаланылған. Жобаға ғалым-кеңесшілер арнайы тартылған.

АҚАН САТАЕВ, «ТОМИРИС» ФИЛЬМІНІҢ ҚОЮШЫ РЕЖИССЕРІ:

– Біздің тарихшы әрі бас кеңезшіміз Алмас Ордабаев деген кісі. Біз бұл кісілерсіз бір қадам да жасаған жоқпыз. Сценарий жазуда да, түсірілім алаңында да ол кісілермен ақылдасып, барынша тарихқа сай келетіндей етіп түсірдік. Ол тарихшы-кеңесшілеріміз тек қана менімен ғана емес, біздің костюм дизайнерлерімен, художниктермен, художник-постановщиктермен жұмыс жасады. Меніңше, бұл – үлкен тарихи еңбек.

ЕРКЕБҰЛАН ДАЙЫРОВ, АКТЕР:

-  Бұл – түркітілдес халыққа жалпы ортақ фильм. Елбасымыздың қолдауымен, жолдауымен рухты киноларды, халықтың патриоттық сезімін оятатын тарихи киноларға көптеп ден қойылып жатыр. Қуантарлық дүние және жалғасын таба берсе екен дейміз.

Идея авторы – Әлия Назарбаева. Тарихи туынды ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша түсірілді.

Фото: esquire.kz