Құрақ құрау өнері

Ертеде қымбат маталар тапшы болғандықтан, қалған кесінділерді жарамсыз деп аяқ асты тастау ысырап деп танылған. Сондықтан қиындыларды кәдеге жарату қамында бір-біріне жалғап тігу арқылы құрақ құрау өнері дүниеге келді. Ежелден қалған киелі өнердің өрнектерін жалпы түркі тілдес елдерде кезіктіруге болады. Әсіресе, байырғы дәстүр Орталық Азия мемлекеттерінде жақсы сақталып келеді, деп хабарлайды Kazakh TV арнасының тілшісі.

НИГОРА БАЙХАНОВА, ШЕБЕР:

 - Өзбекстанда құрақ тігу өнері ерте кездерден жақсы дамып, ел бойынша тараған дәстүрлі өнер екенін ерекше атап өткім келеді. Уақыт өте келе құрақ құрау өнері сәл кенжелеп қалды. Бірақ ұмытылған жоқ. Қазір қайта жаңғырып келеді. Қазір Өзбекстанда бұл бағытта жұмыс жасайтын шеберлер көп. Сондықтан құрақ құрау өнері белсенді түрде дамып келеді.

Құрақ құрау бірнеше кезеңнен тұрады. Шеті мен шегі біртегіс шығуы үшін астарлап тіккен. Алдымен ішкі төсеме пішіледі. Оның арасына мамық, қойдың және түйенің жүнін салады. Қаптамасы әзірленеді. Матаның түр-түсін қиыстыру кезінде өлшеммен қатар, ою-өрнекке зор мән берілген. Бұл әр іскердің қиялының еншісінде.

ГҮЛШАТ БАЗАРБАЕВА, ШЕБЕР, ҚАЗАҚСТАН:

 - 10 жасымнан бастап менің әжем бәрін үйреткен. Қалай тоқу керек, қалай құрақ тігу керектігін, киізді ұру, жастықтар мен көрпелерді айналдыру – барлығын үйретті. Біз өзіміздің өнерді көрсетіп жатырмыз. Қыз-келіншектер ұмытпау керек. Біз әрі қарай жалғастырып, жаңашылдықтарды көрсетіп жатырмыз.

Өзге елдерде де құрақ құрау ісі кең өріс алған. Құрақ дәстүріне заманауи бейнелеу, қолданбалы-сәндік қолөнердің хас шебелері үлкен көңіл бөліп келеді. Олар ескі әдістен жеке шығармашылықтарына шабыт іздеп, бүгінгі күн талабына сай жаңғыртуға үлестерін қосуда.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов

Фото: sputniknews.kz