«Алтын адам» Анадолы жерінде

Түріктің төрінде «Ұлы дала: тарих пен мәдениет» көрмесі ашылды. Онда еліміздің ең көрнекті тарихи мұрасы — «Алтын адам» таныстырылды. Құнды жәдігер Еуропаның ең үздік деп танылған Анадолы өркениеттер музейіне қойылды. Түп-тамырымызға жаңаша көзқараспен қарауға жол ашқан туынды Түркияның төріне  қойылды. Анадолыда ашылған көрмені жергілікті халық асыға күтті.

АБЗАЛ САПАРБЕКҰЛЫ, ҚАЗАҚСТАННЫҢ ТҮРКИЯДАҒЫ ТӨТЕНШЕ ЖӘНЕ ӨКІЛЕТТІ ЕЛШІСІ:

 - Қазақстанның бай мәдени тарихын таныту тұрғысынан Ұлы даланың мәдениетін таныту мақсатында аса мәнге ие. Бірақ екінші жағынан бұл бауырлас Түркия халқымен екі арадағы мәдени байланыстарымызды көрсету тұрғысынан өте маңызды. Себебі Анатолия мәдениеті – ерекше бай мәдениет. Түрік тарихының әртүрлі кезеңдері бар.

АРЫСТАНБЕК МҰХАМЕДИҰЛЫ, ҚР ҰЛТТЫҚ МУЗЕЙІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:

 - «Алтын адам» - еліміздің бай тарихының символы. Бұл текті шаралар елімізді таныстыру тұрғысынан маңызды. Мемлекет басшысының қолдауымен басталған «Алтын адам әлем музейлеріне шеруі» шетел азаматтарының еліміздің терең тарихына үңілуіне мүмкіндік береді.

Көрме өткен Анадолы өркениеттер музейі – Түркияның ең ірі екінші мұражайы. Мұнда түрлі кезеңнің 200 мыңға жуық тарихи экспонаты сақталған. Сондықтан шаһарға келген алыс-жақын елдердің туристері осы жерге соқпай кетпейді. Бұл да қазақ даласының тарихын тек түрік жұртына емес, әлем халықтарының көруіне мүмкіндік береді.

КРИСТИНА СТЮАРТ, АМЕРИКАЛЫҚ ЖИҺАНКЕЗ:

-  20 жылдан астам уақыттан бері Америкада өмір сүремін. Өзім Алматыда тудым. Түркияға келіп, туған жердің көрмесін тамашалағаныма қуаныштымын. Көк туымызды көріп, сағынышымды басқандай болдым.

ДЖЕЙС МЭНСОН, АМЕРИКАЛЫҚ ЖИҺАНКЕЗ:

 - Қазақстан жайлы білмейтін едім. Мұражайға келіп, Анадолы тарихымен бірге қазақ тарихына да куә болып тұрмын.

Көрмеге Ұлттық музей қорынан барлығы 200-ден аса туынды қойылды.  Олардың дені – алтын мен күміспен қапталған аң стиліндегі бұйымдар. Қазақтың құнды жәдігерлері Анадолы жерінде қазанның 12-не дейін болады.

Фото: nsk.kp.ru