Astana Media Week: Өзбекстан «Хабар» Агенттігінің телехикаяларын сатып алуда

Елордада Astana Media Week апталығының екінші күні өтіп жатыр. Бүгін сарапшылардың талқысына жарнама және оны ақпарат құралдарында тарату тақырыбы ұсынылды. Сондай-ақ жарнама нарығы, маркетинг бойынша шеберлік дәрістері ұйымдастырылды.

АЛЬП ТАНЫР, ПРОДЮСЕР/ТҮРКИЯ/:

 - Бүкіл әлемде телевизияны көңіл көтеру контенті ретінде қабылдайды. Ал қазақстандықтар әлі де болса теледидарды жаңалықтардан хабардар болу үшін қосады. Және де қазақстандық телевизия саласы осы жолмен дамиды деп ойлаймын. Алайда көңіл көтеру контентін де дамыту маңызды. Ток-шоу, сериалдар, осының бәрі жұмыс күнінен кейін демалуға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ бүгін «Хабар» Агенттігінің жаңа маусымы ресми түрде таныстырылады. Қатысушыларға түрлі жанрлардағы фильмдер мен телехикаялар, бағдарламалар, ток-шоу және басқа да жобалар ұсынылады. Айта кетерлігі, «Хабар» Агенттігінің контенті және өнімдерінің сапасына сұраныс бар. Бүгінде оны Ресей, Қытай, Монғолия, Татарстан және Өзбекстан  телеарналары сатып алған.

ДИНАРА АБАКАЕВА, «ХАБАР» АГЕНТТІГІ» АҚ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ ЖӘНЕ ДИСТРИБУЦИЯ ЖӨНІНДЕГІ ДЕПАРТАМЕНТ ДИРЕКТОРЫ:

 - Биыл өзбек нарығы бізден 3 телехикая сатып алды. Бұл - «Ана жүрегі», «Әже» және «Аға» сериалдары. Оларды өзбек көрермендері жылы қабылдады. Рейтингтері жақсы.

Еске салсақ, апталыққа отандық және шетелдік медиаиндустрияның 60-тан аса топ-менеджері қатысуда. Бұл былтырғымен салыстырғанда әлдеқайда көп. Биыл форумға 2 мыңға тарта қатысушы жиналды. Astana Media Week ертең де жалғасады, қорытынды тақырып масс-медиа контенті болмақ.

Фото: express-k.kz