Кетбұға жырау атындағы халықаралық күйшілер байқауы өтті

Қарағанды облысының Жезқазған қаласында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Кетбұға жырау атындағы халықаралық күйшілер байқауы өтті. Шыңғыс ханның кеңесшісі, Жошының ақылшысы болған  тарихи тұлғаның «Ақсақ құлан» күйін білмейтіндер кемде-кем. Өмір жолы Ұлытау өңірімен байланысты абыздың атындағы күй жарысына Қытай мен Моңғолиядан және еліміздің барлық өңірінен 17 өнерпаз қатысты. Жалпы Кетбұға – ержүрек қолбасшы, кемеңгер би ғана емес, соңынан өлмес мұра қалдырған даңғайыр күйші. Оның күй мұрасы бүгінде кешенді зерттеуді қажет етеді. Мәселен, Шыңғыс ханға Жошы өлімін жеткізген «Ақсақ құлан» күйінің өзі қазір бірнеше нұсқада, түрлі аспаппен орындалып жүр.

МҰСТАФА ЕРКІНБЕК, БАЙҚАУҒА ҚАТЫСУШЫ МОҢҒОЛИЯ:

 - Бес жасымнан бері осы домбыра аспабымен айналысамын. Моңғолиядағы күй жарыстарына қатысқанмын. Қазақстандағы байқауға алғаш келуім. Кетбұға би атындағы жарысқа келгеніме өте қуаныштымын. Отызға тарта күй білемін. Бүгін «Құройнақ» деген күйді арнайы осы сайысқа әкеліп отырмын.

ЖАМБЫЛ АРТЫҚБАЕВ, ТАРИХ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ ДОКТОРЫ, ПРОФЕССОР:

 - Құлағу ханның жанында Таяу Шығысты, Египетке дейінгі жерді бағындыруға қатысқан. Қазақ жадында Кетбұға ұлы жырау есебінде қалды. Көп заманда қазақ жыраулары Кетбұғаны үлгі тұтты.

Фото: newtimes.kz