«Қаламгер» фильмі көрерменге жол тартты

Елордада «Қаламгер» атты толықметражды фильмнің тұсаукесері өтті. Туынды «Хабар» Агенттігінің тапсырысы бойынша ҚР Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің қолдауымен, «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында және «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласының ізімен түсірілді. Фильмде өткен ғасырдың 70-80 жылдарындағы ақын-жазушылардың басынан кешкен жағдай басты кейіпкер Сәтжан арқылы бейнеленеді. Көрерменнің көз алдында сол кезеңдегі Алматы қаласындағы оқиғалар өрбиді. Туынды Қазақ ССР астанасының архивтік кадрларымен толықтырылған. Авторлардың айтуынша, фильм шынайы оқиға желісімен түсірілген. 

РИНАТ КЕРТАЕВ «ХАБАР» АГЕНТТІГІ» АҚ» БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Оқиға Алматы қаласындағы «Қаламгер» кафесінде өрбиді. Ол жерге демалыс күндері белгілі мәдениет қайраткерлері, ақын-жазушылар жиналып, қоғамда болып жатқан маңызды жағдайларды, қазақ халқы мен қазақ әдебиетінің өзекті мәселелерін талқылайтын. Өкінішке орай, Кеңестік кезеңде тыйымдар мен цензура көп болғандықтан, өзекті мәселелер, қазақ әдебиетінің трендтері ашық алаңдарда талқыланбайтын.

СЕРЖАН ЗӘКЕРҰЛЫ, ФИЛЬМ СЦЕНАРИІНІҢ АВТОРЫ:

 - Қазақтың сол кездегі тарихи санасын көтеруге атсалысқан жазушылардың еңбегі, олардың цензураның қыспағында бола тұра, ешқандай тайсалмай, ұлттық сананы көтеруге атсалысқан. Есенберлиннің «Көшпенділер» туындысы, Сүлейменовтың «АзиЯ» еңбегі сол кезеңдерде шықты. Мәскеу оларға шүйлігіп, шытырман оқиғалар осы туындыға арқау болды.   

«Қаламгер» фильмінің премьерасы 12 қыркүйекте Қазақстан кинотеатрларында өтеді. Ал тәуелсіздік күні қарсаңында «Хабар» арнасынан эфирге шығады. Сондай-ақ агенттік жобаның сериялық нұсқасын шығаруды жоспарлап отыр.