«Астана Опера» театрында контрабасқа арналған музыка кеші өтті

Контрабасқа арналған музыка кеші. «Астана Опера» театрының камералық залына жиналған өнерсүйер қауым осы аспаптың бірегей үні мен әлеуетін сезіне алды. Дыбысы ең төмен ішекті аспап саналатын контрабастың жеке концерттері сирек өтеді. Сиқырлы кеш тыңдармандарына Джованни Боттезини, Франк Прото, Руджеро Леонкавалло, Мануэль Понсе туындылары және қазақ музыкасының классикасы – Ғазиза Жұбанованың шығармалары ұсынылды. Халықаралық байқаулардың лауреаты Алмас Байғожин контрабастың техникалық және шығармашылық мүмкіндіктерін кеңінен паш етті. Музыкантқа «Астана Опера» театрының оркестрі сүйемел жасады.

АЛМАС БАЙҒОЖИН, МУЗЫКАНТ:

-  XVIII ғасырда өмір сүрген ұлы музыкант Джованни Боттезинидің контрабас пен скрипка дуэтіне және оркестрге арнап жазған шығармасын таңдадық. Дәл осы туынды аспаптың әлеуетін көрсетеді. Қосарлы ноталар, арпеджио, ширақ пассаждар орындалады да, төрт октаваға дейін барады. Кейде тіпті контрабас скрипкадан да жоғары ұн шығарады.

Фото: vsluh.ru