Нұр-Сұлтанда Азия елдері жазушыларының форумы өтеді

Қазақстан астанасында ертең Азия елдері жазушыларының форумы басталады. Жиында 44 мемлекеттен әлемге беделді халықаралық сыйлықтардың жүлдегерлері, Жазушылар одағы мен ассоциацияларының төрағалары бас қосады. Шетелдік қаламгерлермен кездесуде қазақстандық жазушылар әлемдік әдеби үрдістерге қатысты біраз мәселелерді талқыламақ. Сондай тақырыптардың бірі – әдеби агенттер мектебін қалыптастыру, дейді ақын Бауыржан Жақып.

БАУЫРЖАН ЖАҚЫП, ҚАЗАҚСТАН ЖАЗУШЫЛАР ОДАҒЫ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ, АҚЫН:

 - Әдеби агенттер жазушының жазған шығармасын баспадан шығару жайы, оның таралымы, оған берілетін қаламақы, оның шет тілдерге аударылуы, оның кітабының презентациясының өтуі. Ол кітаптың оқырманға жетуі, соның барлығымен айналысатын адамадар бар. Арнайы мамандар бар.

Поэзия әлемінде өзіндік қолтаңбасы бар ақынның, әлеуметтік желіде 3 мыңнан астам оқырманы бар. Бұл да заман талабы. Сондықтан қазақ әдебиеті де заманауи әдіс-тәсілдерді меңгергені абзал, дейді ақын. Ал ертең басталатын форум Азия аймағында орналасқан елдер арасындағы әдеби-мәдени байланыстарды нығайтумен қатар, Қазақстанның әдебиетін, рухани құндылықтарын паш етуге, әдеби үдерістің дамуына қатысты тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді.

Фото: infox.ru