Корея елінің дәстүрлі әндері Қазақстанда

Биыл Қазақстан мен Корея стратегиялық серіктестіктің 10 жылдығын атап өтуде. Мерейтойға орай еліміздің бас шаһары Нұр-Сұлтанда Сеул қалалық дәстүрлі музыка оркестрінің концерті өтті.

Сеул оркестрі алғаш рет отандық сахнада 2 жыл бұрын Алматы қаласында өнер көрсеткен болатын. Онда музыканттар Қазақстандағы корейлердің 80 жылдығына арналған гала-концертке қатысты. Ол кезде де көрермендер шетелдік әртістердің өнерін үлкен ықыласпен қабылдаған.

РАЙХАН МУСИНА,НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

 - Корея мен Қазақстан достық қарым-қатынастағы ел. Тіпті олардың салт-дәстүрлері де ұқсас. Корей мәдениетіне қатысты осындай концерттерге, көрмелерге біз әрқашан зор ықыласпен келуге тырысамыз. Бізді корей мәдениеті қатты қызықтырады. Мен Корей мәдени орталығына барып отырамын, менің ойымша, екі ел арасында  ортақ  дүниелер көп. Бұл қос тарап арасындағы берік ынтымақтастықтын одан әрі дамуына сеп болмақ. 

Сонымен қатар бүгінгі таңда Оңтүстік Корея сауда-инвестициялық және технологиялық ынтымақтастықты дамытуда Қазақстан үшін басымдықты 10 елдің бірі болып табылады.

ДЭСИК КИМ, КОРЕЯ РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ТӨТЕНШЕ ЖӘНЕ ӨКІЛЕТТІ ЕЛШІСІ:

 - 1992 жылы дипломатиялық қатынастар орнағаннан кейін Қазақстан мен Корея арасындағы ынтымақтастық түрлі салада дами түсті. Яғни бұл экономика, саясат, мәдениет және басқа да салалар қамтылды. Жаңартылған ынтымақтастықтың «Fresh Wind» бағдарламасы цифрландыру, 4-ші өнеркәсіптік революция, медицина, IT-технологиялар және ауылшаруашылығы сияқты жаңа бағыттарды қарастырады. Осындай шаралардың арқасында қазақстандықтар біздің мәдениетімізге жақындай отырып, Корея елі туралы көбірек ақпарат ала алады.

Айта кетейік, Сеул қалалық оркестрі 1965 жылы құрылған. Осы уақыт ішінде әлемге әйгілі ансамбль Еуропа мен Азияның бірнеше елінде 2 мыңнан астам өнер көрсеткен.  Бүгінгі таңда атақты оркестр құрамында 40 музыкант бар. Олардың мақсаты – корейлердің дәстүрлі музыкасын әлемге таныту, көпшілікке таныстыру және тарату.

Фото: inform.kz