ҚР Тұңғыш Президенті қоры талантты қазақстандықтарды қолдайды

Қазақстандық музыканттар Еуропаны бағындырды. «Астробондар» ансамблі Сан-Маринода екі жеке концерт өткізуге және әлемге әйгілі композитор Джон Кеннидің шеберлік сыныбына қатысуға бірегей мүмкіндік алды. Өз кезегінде ҚР Тұңғыш Президенті қоры арнайы конкурстың аясында квартетке қолдау көрсетті, деп хабарлайды Kazakh TV арнасының тілшісі.

ҚАЙРАТ ЕГІМБАЕВ, «АСТРОБОНЫ» АНСАМБЛІНІҢ СОЛИСІ:

 - Трэвэл-гранттар – жастарды қолдауда, шығармашыл жастарды шетелге танытуға өте жақсы бағдарлама. Бізге Сан-Маринодағы екінші мұнарада өнер көрсету мүмкіндігі берілді. Сондай-ақ біз атақты музыкант, жаңашыл бірегей тұлға Джон Кенниден сабақ алдық. Ол тромбонист, импровизатор, әрі керемет композитор.

«Астробондар» құрылған 6 жыл ішінде жас квартеттің солистері – Фархад Болатов, Радмир Мадьяров, Алмас Сағымбаев және Қайрат Егімбаевтың әр күні жаттығудан басталады. Музыканттар тромбонда ойнау техникасын шыңдаудан шаршаған емес. Сондай-ақ репертуарларын тұрақты негізде толықтырып, жаңартып отырады. Өнерпаздар импровизация өнерін шебер меңгерумен қоса, көне үрмелі аспаптарға деген қызығушылықты қайта жандандыруға өз үлесін қосуды парыз санайды.

ФАРХАД БОЛАТОВ, «АСТРОБОНЫ» АНСАМБЛІНІҢ КӨРКЕМДІК ЖЕТЕКШІСІ:

 - Біз өз шығармашылығымызбен бірге тромбон аспабын танымал ету жолын таңдадық. Мұнымен қоса, өзіміз үнемі жаңашылдықты іздеу үстіндеміз.  Қазақстандық белгілі бір брендті ұсынатын музыканттар өте көп және біз үшін Қазақстанда тромбонистер түріндегі жаңа мәдени брендтің пайда болуы маңызды болды. Себебі бізде әлемге танытатын дүние баршылық. Айрықша, бірегей музыканттар бар. Барлығымыз бас қосып, қызықты бағдарлама әзірлеп, орындай аламыз.

ҚР Тұңғыш Президенті қорының трэвэл-гранттар жобасы елімізде 2008 жылы қолға алынған. Оның арқасында 120-дан астам қазақстандық өз идеяларын жүзеге асыра алды. Олар шетелде оқып, ірі халықаралық көрмелер мен концерттерге қатысу мүмкіндігіне ие болды.

Авторы: Ақзер Сегізбаева

Фото: presidentfoundation.kz