Маңғыстаулық әжелер киіз үй тігуді дәріптеп, жастарға үйретіп жүр

Ұлы Дала елінің қолөнерін дәріптеп, өскелең ұрпаққа үйрету. Ақтаулық шеберлердің басты мақсаты – осы. Медина Оразғалиева 60 жылдан бері киіз үй жасауын жасаумен айналысып келеді. Көпшілік оған арнайы барып тапсырыс береді екен. Шебердің қолынан шыққан бұйымдар көздің жауын алады. Жетпістегі кейуана жақында ұлттық нақышта киіз үйге арналған ерекше үлгідегі шам жасап бітірді. Медина Орынбасарқызы көптеген қолданбалы өнер байқауларында топ жарған.

МЕДИНА ОРАЗҒАЛИЕВА, ҚОЛӨНЕР ШЕБЕРІ:

 - Көбісі мұның барлығын жалғыз өзім жасайтыныма сенбейді. Өйткені заты да, ісі де көп. Негізі екі өрмекті қатар құрып тоқимын. Бір күзеумен, бір теру ағашпен, бір қылышпен тоқимын. Бірігіп кетпес үшін екеуінің арқауын бөлек саламын. Сонда екі бау шыға келеді.

Халқымыздың ежелгі өнерін қайта жандандырып жүрген жандардың бірі – Әуес Сағынаева. Қолөнер шебері түйе жүнінен әртүрлі бұйымдар жасайды. 

Бүгінде ол бар білгенін қыз-келіншектерге көрсетіп, көйлек, құрақ көрпе тігуді үйретіп жүр. Өңірде одан дәріс алам деушілер көп. Сонымен қатар Әуес Сағынаева «Алтын Оймақ» ұлттық байқауы шеңберінде де қосымша шеберлік дәрістерін өткізбек.

ӘУЕС САҒЫНАЕВА, ІСМЕР:

-  Жалпы тігін өнерінің қыр-сырын меңгеріп шықты. Өз киімдерін тігіп алатын дәрежеге жетті деп айтуға болады. Тігінші сұраған жерлерге жіберуге тырысып жатырмыз. Бір айдан бері 30 жұмыссыз қыз-келіншекті тігін өнеріне үйретіп жатырмын. Үйренгісі келеді қыздардың саны көп.

Ақкүміс Қоспаева мен Қалекеш Жүсіповалар да киіз үйдің жасауын жасауды жетік меңгерген. Әрқайсысы өз үйінде тоқу ісіне ынтасы бар жандарды шекпен пішу мен текемет-сырмақ тоқуға баулып келеді. Өңірде ұлттық қолөнерді қайта жаңғырту мақсатында қолөнершілер орталығын құру көзделген. Бұл туристерді көптеп тартуға да септігін тигізеді, дейді мамандар.

Фото: lada.kz