Қазақстандық киногерлер әлем көрерменін тарихи жобалармен жаулап алмақ

Қазақстандық киногерлер әлем көрерменін тарихи жобалармен жаулап алмақ. Көшпенділер туралы туындылар отандық кинематографтың брендіне айналуы тиіс, дейді мамандар. Айтуларынша, бұл тақырып – қазір нағыз тренд. Кейінгі он жылда отандық киноөндіріс саласы өркендеді. Егер 2009 жылы жылына небәрі 8-9 кинотуынды түсірілсе, қазір олардың саны 50-ден асады. Алайда түсіріліп жатқан фильмдердің 85 пайызы – коммерциялық мақсатта жасалған дүниелер. Сол себепті мемлекеттік тапсырыспен салмақты туындыларды түсіруге назар аудару қажет, дейді сала өкілдері. 

АРМАН АСЕНОВ, Ш. АЙМАНОВ АТ. «ҚАЗАҚФИЛЬМ» АҚ ПРЕЗИДЕНТІ:

 - Тарихи жанрдағы халқымыздың көшпелі тұрмысы жайлы фильмдер түсіруіміз қажет деген тұжырымға келдім. «Жұлдыздар» соғысы, түрлі роботтар туралы туындылардан көрерменнің мезі болғаны байқалады. Оларға тірі эмоция қажет. Экраннан табиғаттың иісі аңқып тұру керек. Міне, осының бәрі бізде бар. Біздің алар бағыт осы.

Қазақ киносының қара шаңырағы – Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы. Кейінгі жылдары мұнда «Қазақ Хандығы», «Жаужүрек мың бала», «Мұстафа Шоқай», «Балалық шақтың аспаны»  сынды тарихи кинотуындылар түсірілді. Олар көрермен тарапынан жақсы бағасын алды. Алдағы уақытта да «Қазақфильм» киностудиясына жүктелер міндет көп болмақ.

АРМАН АСЕНОВ, Ш. АЙМАНОВ АТЫНДАҒЫ "ҚАЗАҚФИЛЬМ" АҚ ПРЕЗИДЕНТІ:

 - «Кино» туралы заңның қабылдануымен «Ұлттық кинематография орталығы» құрылды. Ол мекеме қаржы үлестірумен айналысады. Ал «Қазақфильм» қызмет көрсетеді. Киноиндустрия – үлкен өндіріс. Соның басында «Қазақфильм» тұр. Біз киностудияны кезең-кезеңімен дамытамыз. Заман талабына сай болатын киноөндіріске  күш саламыз.

Кино ұлттың кешегісі мен бүгінгісін көрсететін рухани, мәдени һәм идеологиялық дүние. Заман үрдісіне сай ол да үнемі жаңарып, түрленіп отырады. Елімізде мықты киномамандар бар. Ал сапалы дүниені әлем нарығына лайықты шығару үшін дәл қазіргі уақытта білікті продюсерлер аса қажет, дейді аға буын өкілі.  

САТЫБАЛДЫ НАРЫМБЕТОВ, КИНОРЕЖИССЕР:

 - Бізде продюсер деген институт енді ғана қалыптасып келе жатыр. Продюсер дегеніміз – ол институт. Бұл сала 1930 жылдары Голлувудта, ал 1940 жылдары Еуропада қалыптасқан. Прюдюсер қызметінің ауқымы кең. Өндірістің жан-жағын қамтитын мамандық болу керек.

Әлемдік нарықты бағындыру көрермен саны көп емес, Қазақстанда бюджеті зор туынды түсіруден жеміс көру үшін де қажет, дейді мамандар. Бұған қоса, халықаралық ынтымақтастық аясындағы мүмкіндіктерді де пайдалану көзделген.

Фото: qostanai.media