«Астана Балет» театры Өзбекстанда өнер көрсетеді

«Астана Балет» тетрының жаңа маусымы гастрольдік сапарымен ашылады. Отандық сахна саңлақтары Өзбекстанның Әлішер Навои атындағы театр сахнасында қордағы үздік туындыларын қоюға қамдануда. Шығармашыл ұжым жергілікті қауым назарына Fuego Lento бір актілі балетін, Григоровичтің «Махаббат туралы аңыз» атты спектаклін және «Ұлы дала мұрасы» концерттік бағдарламасын ұсынатын болады. Бұл сапар Өзбекстандағы Қазақстан жылы аясында ұйымдастырылған.

АЙГУЛЬ ТАТИ, «АСТАНА БАЛЕТ» ТЕАТРЫНЫҢ ҚОЮШЫ  БАЛЕТМЕЙСТЕРІ:

 - Біздің үш күндік гастрольдік сапарымыздың бағдарламасы «Ұлы дала мұрасы» атты қойылымымен ашылады. Онда отандық хореографтар қойған би миниатюраларының үздік жиынтығы қамтылған. Театрдың техникалық қызметі шығармашылық топтан жолға ертерек шықты. Қазір олар қойылымға қажетті сахнаны әрлеп, декорацияларды орнатып жатыр.

Бұл – «Астана Балет» театрының Өзбекстанға алғашқы сапары. Шет ел сахнасына қазақстандық ұжым толық құраммен шыққалы отыр. Ташкенттің үлкен өнер ошағы отандық әріптестерін қуана қабылдауға әзір. Біздің театрдың жетекші солисі Дилара Шомаева сырт елдерге шығып тұру өзге мәдениетпен танысумен қатар, шеберлік шыңдаудың  бірден-бір жолы дейді.                  

ДИЛАРА ШОМАЕВА, АСТАНА БАЛЕТ» ТЕАТРЫНЫҢ ЖЕТЕКШІ СОЛИСТІ:

 - «Өнер үшін шекара жоқ, ол – баршаға ортақ түсінікті тіл» деп әрдайым айтып жүреміз. Шынымен де көптеген адамдар үшін тіл білмеу үлкен тосқауыл болады. Әрбір халықтың тек өзіне тән тілі, діні, мәдениеті, тарихы болады. Алайда сахнаға шыққан сәтте осы кедергілердің бәрі жойылады. Біз өз өнерімізді баршаға түсінікті хореография тілімен жеткіземіз. Сондай-ақ өзге мемлекеттердің төл мәдениетін танимыз.

Құрылғанына 6 жыл ғана болған «Астана Балет» театрының өнерпаздары шетелдік көрерменнің ықыласына да бөленіп жүр. Ұжым Ресей, АҚШ, Қытай, Әзербайжан, Франция, Италия және Жапония елдерінде өнер көрсетіп үлгерді.

Фото: informburo.kz