Павлодарлық жас әнші италиялықтарды таңғалдырды

Әлемге дарынымен танылған тағы бір қазақстандық өрен. Алина Күлбаева халықаралық телевизиялық ән байқауының гранд-финалына жолдама алды. Әлемнің дарынды жеткіншектері бақ сынаған байқаудың іріктеу туры Италияның Скала қаласында өткен. Павлодарлық қаршадай қыз шырқаған әнді жергілікті радиостанциялар бір ай бойы таратты.

Халықаралық байқаудың іріктеу турында Алина Италияның танымал опера әншісі Энрике Корузоға арналған шығарманы орындап, өнерсүйер қауымды тәнті етті.

ЭЛЬВИРА КАЩУК, МУЗЫКАЛЫҚ КОЛЛЕДЖ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Күрделі әндерді орындау шеберлігін қазылар алқасының бағалауына ұсыну, танымал әуенді орындау бала үшін оңай емес. Біздің талантты жеткіншектер халықаралық байқаулардың шыңын бағындырса, біз қуанамыз. Бұл – біздің еңбегіміздің жемісі. Оларды мақтан етеміз. Бұл музыкалық кешеннің имиджін де бір сатыға көтереді. Алина – арпа ішіндегі бір бидай. Еңбеккқорлығына таң қаламыз. Музыка десе, жанын береді. Ол музыкалық шығарманы беріліп орындайды.

АЛИНА КҮЛБАЕВА, ХАЛЫҚАРАЛЫҚ БАЙҚАУЛАРДЫҢ ЖҮЛДЕГЕРІ:

 - Басында қорқамын, бірақ сахнаға шыққанда бойымдағы қобалжу тез басылады. Өмірімді әнсіз елестете алмаймын. Байқауда мен сияқты дарындылар көп болды. Десе де, оларға дес бермей, Италияда ел намысын қорғап шықтым. Бұл – мен үшін үлкен абырой. Бүгінде әлемге танымал жерлесіміз Мария Мудрякка ұқсағым келеді.

Италияда өткен халықаралық байқау Алина бағындырған белестердің бірі ғана. Кастингке арналған жанды дауысты ән дәл осы бөлмеде жазылыпты. Ән десе ішер асын жерге қоятын ол 7 жасынан бері ондаған халықаралық конкурстарға қатысқан. Дегенмен Италияда өткен байқаудың орны бөлек.

СЕРІК КҮЛБАЕВ, АЛИНА КҮЛБАЕВАНЫҢ ӘКЕСІ:

- Ән айтпайтын қазақ жоқ. Қазақ халқы – әнші. Ата-анамыз айтушы еді қазақ әндерін. Баламыз сол ата-анамызға ұқсап кеткен. Болашағы бар бала деп ойлаймын.

АЛИНҰР КҮЛБАЕВА, АНАСЫ:

 - Италиялықтар – әнші халық. Олар музыканың қыр-сырымен таныс, оны аса қадірлейді. Балаларын да осы бағытта тәрбиелейді. Байқауларға келген балаларымызды көргенде қызыға да, қызғана қарайтыны сондықтан. Себебі талантты жеткіншектер өте көп. Қызым сахнаға шыққандағы сезімімді сөзбен жеткізу мүмкін емес. Алина «Памяти Корузо» әнін таңдады. Бала үшін күрделі шығарманы орындау оңай емес. Радиоэфирдің қорытындысы бойынша, олар нағыз таланттарды қолдайды деп сеніммен айта аламын.

25 жылдық тарихы бар байқаудың ақтық сыны қазан айында өтеді. Байрақты доданың талабы бойынша әндер итальян тілінде орындалуы шарт. Қазіргі уақытта Алина тыңғылықты дайындық үстінде. Шет тілін меңгеруді де мақсат етеді.

Фото: Хабар 24