Жапония студенті Қорқыт ата мұраларын зерттеуде

Орталық Азия елдерінің рухани мұрасы шетелдіктер арасында үлкен қызығушылыққа ие. Қазақ тілін меңгерген жапон студенті «Қорқыт атаның әдеби бейнесі» тақырыбында диплом жұмысын жазбақ екен. Бұл үшін Қызылорда облысына келді. Токио Университетінде шетел тілдері бөлімінде оқитын Такуро Оучи Сыр еліне табаны тиген бойда Қармақшы ауданындағы Қорқыт ата мемориалын тамашалады. Қобыздың үні сарнаған күрделі сәулет кешенін көзбен көрді. Музейді аралап, мол мағлұмат жинауға кірісіп кетті.

ТАКУРО ОУЧИ, СТУДЕНТ /ЖАПОНИЯ/:

 - Сол музейде ежелгі заманнан, ежелгі дәуірден қалған жәдігерлерді өз көзіммін көрдім. Қорқыттың кесенесіне барып, алғаш рет Қорқыт шығарған күйді естідім. Соған мен қатты толқып қалдым. Әрі қарай мен өзім Қорқыт шығарған күйлерді тыңдап көргім келеді.

Қасиетті Қорқыт ата – орталықазиялық халықтар үшін ортақ тұлға. Ол туралы деректер қазақ, түрікмен, қарақалпақ, ежелгі оғыз эпостарында кездеседі. Ал Қорқыт шығармаларының негізін құрайтын «сарын» барша түркі халықтарының музыкалық дәстүрлерінің ең көнесі саналады. Жапон студенті Қызылорда мемлекеттік университетінің ғалымдарымен кездесіп, Қорқыт ата дүниеге келген көне Жанкент қаласы туралы археологиялық деректерге қанықты.

НҰРБОЛ АППАЗОВ, ҚОРҚЫТ АТА АТЫНДАҒЫ ҚМУ ПРОРЕКТОРЫНЫҢ М.А.:

 - Мұның өзі де біздің ғылыми тұрғыда байланысымызды әрі қарай жетілдіреді деп ойлаймын. Бұл Такуро мырзаға біз алдағы уақытта Жапонияда емес, өзіміздің Қазақстанға келіп, магистратураға түсіп, әрі қарай ғылыми зерттеуін осы жерде тікелей зерттеуін жүргізуге біз ұсыныс жасап отырмыз.

ТАЛҒАТ МАХАНОВ, ОБЛЫСТЫҚ ІШКІ САЯСАТ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

 - Жапон студенттері бұрынғы кезде негізінен технологияға көбірек әуес болатын болса, енді бұл рухани дүниелерді зерделеуге, зерттеуге бет бұруының өзі әлемдік ғылыми айналымға жаңа бір көзқарастардың келуіне мүмкіндік ашады деп ойлаймын. 

Жапон студенті Такуро Оучи – Қазақстан мен Жапонияның рухани байланысының дәнекершісі іспеттес. Болашақ филолог Алпамыс батыр эпосын жапон тілінде оқып шыққаннан кейін, қазақ еліне, қазақ тіліне деген қызығушылығы арта түскен. Ол ана тілімізді бір жыл көлемінде еш қиындықсыз меңгергенін айтады. Алдағы уақытта да Қазақстанмен рухани, ғылыми байланыста болуға ниетті екенін жасырмады.

Фото: kazislam.kz