Иранда Абай Құнанбайұлы күндері өтті

Иранда Абай Құнанбайұлы күндері өтті. Қазақ елінің данышпан ақынын бұл елде тек біліп қана қоймай, арнайы факультативтерде оның өмір жолы мен шығармашылығына терең үңіледі. Ирандықтардың айтуынша, оларға қаламгердің сөз саптау мәнерімен қатар, өмірге деген көзқарасы да ұнайды.

САУАЛНАМА:

- Абай өлеңдерін маған таныс филолог аударып берді. Ақын шығармасындағы сөздер өте терең дер едім. Есімде қалғаны, оның кез келген сөзінде қорқыныш жоқ. Және саған бұрыннан таныс адам секілді тіл қатады.

- Жалпы ақынның ойларын балаларыма жиі айтып отырамын. Себебі оның сөздерінде даналық бар. Сондықтан болар, Иран оқырмандары Абайды ең алдымен кемеңгер ақын ретінде таниды.

Ирандық оқырман қауым Абайдың өлеңдерімен бірге, оның өмірлік ұстанымы, адамгершілік көзқарастарын құрметтейді. Сөз шебері өз шығармашылығында көбіне әйел мен ер адамның арасындағы теңдік тақырыбын тілге тиек етеді. Ол нәзік жандыларды тек қаламымен ғана емес, ісімен де қорғай білген. Бұл мәселе Иранның кей аудандарында әлі күнге дейін өзекті болып отыр. Жалпы ақынның Иран елінде көпке мәлім екенін жуырда Тегеранның төрінде Абайдың құрметіне ашылған ескерткіштен аңғаруға болады.

РЕЗА СЕЕДАН, ИРАННЫҢ ХАЛЫҚТАР ДОСТАСТЫҒЫ ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ ВИЦЕ-ПРЕЗИДЕНТІ:

-  Жалпы Қазақстан – Иран үшін жақсы қарым-қатынас орнатқан ел. Бізге Абай ескерткішінің ашылуы кезінде Нұрсұлтан Назарбаев бастаған делегацияны қабылдау үлкен мәртебе болды. Келген қонақтарымызға қонақжайлылығымызды көрсете алдық деп үміттенеміз. Абайдың арқасында ирандықтар Қазақ әдебиетімен танысып, елдеріңіздегі зиялылар туралы біліп жатыр. Мен Абай мен оның соңынан ерген ақындардың қаламынан шыққан туындылары екі елді одан әрі  жақындата түсетіндігіне сенімдімін.

Бүгінде Тегеранда Абай шығармашылығын кеңінен таныту мақсатында ақынға арналған қосымша әдеби сабақтар өтеді. Ирандықтар ақынның өлеңдерін оқып, оның терең ойлары мен асыл сөздерін ұғуға тырысады. Бір айта кетерлігі, аталған курсқа тек мектеп оқушылары ғана емес, ересектер де қатысады.

ЭРФАН МОАРЕФВАНД, АБАЙ ҚҰНАНБАЙҰЛЫ ӘДЕБИ ФАКУЛЬТЕТІНІҢ ТЫҢДАУШЫСЫ:

-  Мен Абай шығармашылығымен небары 1 жыл бұрын таныстым. Ұят болса да, айтайын, мен бұған дейін қазақтың ұлы ақыны туралы ештеңе естімеппін. Абай шығармашылығына келер болсақ, маған оның өз ойын түсінікті әрі дәл жеткізетіні ұнайды. Жалпы Қазақстанда Абайдан бөлек, басқа да мықты қаламгерлердің барына сенімдімін. Ирандағы жас маман, студент ретінде біз сіздердің әдебиеттеріңізбен тереңірек танысқымыз келеді.

Абайдың қалам алысы, жазу үлгісі парсы қаламгерлеріне өте ұқсас. Сондықтан бұл Иранда өсіп келе жатқан ұрпаққа Абаймен танысуға себепші болмақ. Бұған қоса, алдағы жылдары қазақтың бас ақыны мектеп бағдарламасына қосымша пән ретінде де енуі мүмкін. Осылайша, жүздеген жылдар өткен соң, данышпан ақынның терең ойлары Қазақстан мен Иранның арасындағы достық туралы тағы бір маңызды тұсты жеткізеді.