«Central Asia’s Got talent» жобасы 15 қыркүйектен бастап «Хабар» арнасынан көрсетіледі

«Орталық Азия таланттарды іздейді» байқауына қатысушылар халықаралық қазылар алқасының алдында өнер көрсетті. Қазылар алқасының сынынан кейін дарын иелері жартылай финалға жолдама алады. Мұндай іріктеу кезеңі Өзбекстан мен Тәжікстанда өтті. Қазақстаннан кейін қырғызстандық өнерпаздар жобаның 2-ші кезеңін еңсереді. Айта кетейік, бұл шоуға 1500-ден аса адам қатысуға ниет білдірген. Ал жартылай финалда 24 қазақстандық бағын сынамақ.

СЕРІК ӘКІШЕВ, ЖОБАНЫҢ БАС ПРОДЮСЕРІ:

- Жоба шарықтау кезеңіне жетті. Біз күткен межемізден астық. Қазылар алқасы байқауға тартылған мемлекеттерде тыңдаулардың 70 пайызға жуығын өткізді. Өзбекстанда, Тәжікстанда және Қазақстанда жақында аяқтаймыз. Одан кейін Қырғызстан бар. Содан соң жартылай финал басталады. Жобаны іске қосқан кезде бәрімізді алаңдатқан басты сұрақ – Got Talent жобасына қатысатын дарын иелері табыла ма? Бұл сұраққа жауап бар. Иә! Иә! Талантты тұлғалар көп. Олар керемет! Олардың барлығын еліміздегі және әріптес мемлекеттердегі көрермендерге таныстыру үшін қыркүйек айын асыға күтіп жүрмін.

«Орталық Азия таланттарды іздейді» жобасы – әлемдегі ең танымал теле бағдарламардың бірі. Жыл сайын 70-тен аса мемлекетте дәстүрлі өтіп тұрады. Гиннестің рекордтар кітабына енген әлемге танымал жоба елімізде алғаш рет ұйымдастырылып отыр.

ГҮЛНҰР САТЫЛҒАН, ҚАЗЫЛАР АЛҚАСЫНЫҢ МҮШЕСІ (ҚЫРҒЫЗСТАН):

 - Негізінен бұл жоба Орталық Азияға келгеніне қуаныштымын. Өйткені қатысушылар 4 елдің түкпір-түкпірінен келді. Қарапайым халыктың арасынан шыққан өнерпаз адамдар, халық таланттары келеді. Сондықтан бұл оларға үлкен мүмкіндіктер ашады.

Талай елдің көрермендерін тамсандырған жобаның біздің еліміздегі соңғы  сайысы 22 желтоқсанда өтеді. Ол «Хабар» арнасының тікелей эфирі арқылы Орталық Азия елдеріне де көрсетіледі.