#АБАЙ175: Абайдың өлеңі өзбек тілінде оқылды

Қазақстың ұлы ақыны, ойшылы Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына арналған әдеби эстафетаға қосылғандар саны күн сайын артып келеді. Халықаралық челлендж Қырғызстан, Татарстан, Әзербайжан, Ресей, Франция, Жапония, АҚШ елдеріне жеткен. Өзбекстандық Парламент депутаты Нурдинжон Исмоилов бұл шараға қолдау білдіріп, Абайдың өлеңін өзбек тілінде оқып шықты. Оның айтуынша, Өзбекстанда «Қазақстан жылы» аталып өтіп жатқанда мұндай эстафетаның өткізілуі екі ел арасындағы мәңгілік және шынайы достықтың, мәдени және рухани бірлестіктің белгісі іспеттес.

НҰРДИНЖОН ИСМОИЛОВ, ӨЗБЕКСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ОЛИЙ МӘЖІЛІСІНІҢ ЗАҢ ШЫҒАРУ ПАЛАТАСЫНЫҢ СПИКЕРІ:

 - Бір жерде бірге жүрсең басың қосып,

   Біріңнің бірің сөйле сөзің тосып.

   Біріңді бірің ғиззәт, құрмет етіс,

   Тұрғандай бейне қорқып, жаның шошып.

Әдеби эстафетаны Семейдегі «Айша бибі» қазақ ұлттық мәдени орталығы әрі қарай жалғастырды.  Достық үйінде ұлттық тағамдар әзірленіп, ұлы ақынның өлеңдері оқылып, ән шырқалды. Олар Абайдың 10 шақты белгілі және ұмыт болған шығармаларын оқыды.

ОРАЛ ШӘРІПБАЕВ, ХАЛЫҚАРАЛЫҚ «ҚАЗАҚ ТІЛІ» ҚОҒАМЫ ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

-  Әлемнің Абайына насихат жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл Абайды бүкіл әлем танып, біліп жатыр деген сөз. Бұрыннан да Абайдың кім екенін әлем біледі.