Күзде Қазақстанда атақты Орбұлақ шайқасы туралы телехикая көрсетіледі

Күзде Қазақстанда атақты Орбұлақ шайқасы туралы телехикая көрсетіледі. Телехикаяда ерліктің және халық бірлігінің жарқын үлгісі ретінде тарихқа енген 1643 жылғы шайқас туралы айтылады. Жәңгір хан басқарған Қазақ хандығының 600 жауынгері Жалаңтөс батыр бастаған Самарқанд әскері көмекке келгенше бірнеше күн бойы 50 мың жоңғардың шабуылына қарсы тұрған. Кинокартинадағы басты рөлдердің бірін актер Бауыржан Қаптагай сомдайды.

БАУЫРЖАН ҚАПТАҒАЙ, АКТЕР, ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЕҢБЕК СІҢІРГЕН ҚАЙРАТКЕРІ:

-  Соғыс болған жерде міндетті түрде саясаткерлер де, ақын-жыраулар да болады. Өйткені сол кездегі әскердің, сарбаздардың рухын көтеру үшін, соғысқа дайындау үшін сөзбен де, іспен де, қимылмен де көмектескен. 

Орбұлақтың тар шатқалына жауынгерлер асығыс қорғаныс-қақпанын құрған. Нәтижесінде жоңғарлар 10 мыңнан астам жауынгерлерін жоғалтып, жеңіліске ұшыраған. Сондықтан да шегінуге мәжбүр болған.  Актер Қуаныш Құдайбергеннің айтуынша, мұндай тарихи телесериалда ойнау – үлкен құрмет.

ҚУАНЫШ КҰДАЙБЕРГЕН, АКТЕР:

 - Бір ерекшелігі – бұл телесериалда махаббат желісі менің образымда керемет ашылған. Жәңгір сұлтанның қарындасы Күнайымға ғашық боламын. Екеуміздің арамыздағы махаббат арқылы осы туынды байланыс тауып отыр.

Кинокартина 8 бөлімнен тұрады. Өз кезегінде телесериалдың авторлары көрермендерге фильм өте ұнайтынына сенімді.

Фото: YouTube