Ержан Максим «Junior Eurovision 2019» байқауында жаңа әнімен таңғалдырмақ

Табиғи даусымен дүйім жұрттың жүрегін жаулаған Ержан Максим «Junior Eurovision 2019» байқауына қатысады. «Голос. Дети» жобасында көзге түскен жас дарын Польшаның Гливице қаласында өтетін ән сайысында Қазақстанның намысын қорғамақ. Халықаралық ән байқауында биыл 19 өрен бақ сынайды.

Ержан Максимді жалпақ жұртқа таныстырудың өзі артық. Қазақ һәм Ресей эстрадасын бағындырған дарынды бала. Өнерпаз өреніміз енді Балалар Евровидениесінде озықтардың ішінен озып шығуға барын салмақ. Байқауға қатысу үшін Қазақстан қатаң іріктеуден өткен.

ДИНАРА АБАКАЕВА, «ХАБАР» АГЕНТТІГІ» АҚ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚАТЫНАСТАР ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:

 - «Хабар» Агенттігі Еуропалық тарату одағының мүшесі болғандықтан, байқауға қатысуға Қазақстанның атынан өтінім бердік. Өткен жылы оны үлкен комиссия қараған. Биыл да солай болды. Нәтижесінде Грузия, Испания, Мальдив сияқты 19 мемлекетпен бірге біз де өз кандидатымызды байқауға ұсыну мүмкіндігіне ие болдық.

Халықаралық байқаудың басты талабы – өнер бәйгесінде орындалатын ән жаңадан жазылуы керек. Оның жартысы ағылшынша, жартысы қазақ тілінде орындалады. Өнерлі өреннің жас өнерпаздар сайысынан құр алақан қайтпасына сенім мол. Қалғанын әнші баланың бағы мен бабы шешеді.

Қазақстан Junior Eurovision ән байқауына былтыр алғаш рет қатысты. Жарыста ел намысын қорғау бақыты дарынды Данэлия Төлешоваға бұйырған еді. Телекөрермендердің дауыс беру қорытындысы бойынша, ол 6-шы орынға тұрақтаған болатын.

Фото: m24.ru