Нұр-Сұлтан қаласында жапон мәдениетінің фестивалі өтті

Нұр-Сұлтан қаласында жапон мәдениетінің фестивалі өтті. Дәстүрлі шарада бас шаҺар тұрғындары мен қала қонақтары күншығыс елінің «седо», «манго» «оригами» сынды каллиграфия мәнеріндегі халық өнерімен етене танысып, шеберлік сабақтарына қатысты. Сондай-ақ «сёги» деп аталатын жапон ұлттық ойынында мүмкіндіктерін сынап көрді. Бұл шахмат сынды ой-өрісті кеңейтетін үстел ойынымен негізінен әскери қолбасшылар әуестенген.

САТОКО САЙТО, ҚАЗАҚСТАН-ЖАПОНИЯ АДАМИ КАПИТАЛДЫ ДАМЫТУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БАС МАМАНЫ:

 - Біз жапондықтардың ұлттық құндылықтары мен төл мәдениетін барынша танытатын дәстүрлі өнер түрлерін іріктеп, жергілікті халыққа көрсетуді ұйғардық. Осы түрлері көнеден бері сақталып бүгінге дейін жеткен. Оларды жапон халқы көздің қарашығындай сақтап, жаңғыртып келеді.

Фестиваль қонақтары ұлттық нақыштағы киім үлгілерімен танысып, дәстүрлі сарындағы бишілердің өнерімен де таныс болды. Мәселен, мына би халықтың көнеден қалыптасқан әсем ырғақты қимылына сай құрылғанымен, 2020 жылы Жапония елі қабылдайтын олимпиада ойындарына арналып отыр.

ХИРОМИ ШИМАСИ, ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ЖАПОНИЯ ЕЛШІЛІГІНІҢ ӨКІЛІ:

 - «Боодори» атты ұлттық бидің түрін жапон халқы негізінен жаз мезгілінде билейді. Жазғы олимпиада және осы жазғы жапон мәдениеті фестивалінің тақырыбына сай келген соң, осы дәстүрлі биімізді кеңге насихаттауды жөн деп таптық.

Жапондықтардың ұлттық тағамдары да Қазақстанда аса танымал. Мәдени шараның қонақтары жапон аспаздары әзірлеген дәстүрлі тағамдардың дәмін татып көрді.

ДАЙСКЕ КИШИГАМИ, АСПАЗШЫ:

 - «Кари райс» тағамының түп-негізі үнді асханасынан шыққан. Біздің елге келгеніне 100 жылдан асты. Бүгінде ол жапон халқының сүйікті тағамдарының біріне айналды. Ұлттық тағамымыз десем артық айтпаймын. Ол тауық еті, күріш, көкөністер және ұлттық дәмдеуіштер қосылып әзірленеді.

Жапония – көне дәстүрлерді сақтаумен бірге әлемдік деңгейде заманауи трендті қалыптастырып жүрген мемлекет. Көрермен назарына жер жаһанда белең алған жапондық мәдени-спорттық шаралар ұсынылды. Әсіресе бұл елдің анимациялық туындылары өте танымал. Фестиваль қонақтары жаңа ойындар мен анимациялық құрал-жабдықтардың соны үлгілерінен құлағдар болды. Бұдан бөлек, жұртшылық жапон тіліне арналған дәріске қатыса алды.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов

Фото: fed.sibnovosti.ru