Ұлттық өнер сақшысы – Толғанай Елекбаева

Кәсібі арқылы ұлттық сананы қалыптастыруға үлес қосып жүрген кәсіпкер.  Толғанай Елекбаева «әр ұлт өз болмысын сақтаса, сонысымен әдемі» дейді. Ресейдің Алтай өлкесінде дүниеге келген ол бала кезінен ұлттық өнерге әуес болған. Атамекенге оралған соң қазақы нақыштағы ою-өрнектермен көмкерілген бұйым жасауды кәсібіне айналдырған.

Толғанай Елекбаева, кәсіпкер:

- Киіз үйді, оның ішіндегі бұйымдарды жастайымнан көріп өстім. Оның көркі тігіп отырған адамның шеберлігі мен эстетикалық талғамына байланысты. Қандай ою келсе, соны қолымен зерделейді. Қазақтың оюында шексіздік бар. Оюлар адамның ішкі сұлулыққа көзқарасы, эстетикалық талғамының көрінісі. Онда әдемілік, пропорция, түс, геометрия заңдылықтары сақталады.

Ісін тек бизнес қана емес, сондай-ақ тәрбие құралы ретінде де көретін кәсіпкер кәсібінің тамырына тереңірек үңіледі. Адам рухани азықты құлақпен ғана емес, көзбен де қабылдайды», - дейді Толғанай. «Шебердің айтуынша, қазақстандықтар ғана емес, шетелдіктер де қазақы нақыштағы бұйымдарға қызыға қарайды. Әсіресе, АҚШ, Еуропа, тіпті Африка елдерінен келген туристер ерекше әуес. Жақында ресейлік Челябинскіге сауда миссиясымен барып қайтыпты. Осылайша, шебер қазақтың төл өнерін жаһандық деңгейде насихаттауға өз үлесін қосып жүр.

Толғанай Елекбаева, кәсіпкер:

- Қаланың орталығында киіз үй пішінінде сауда орталығы болса, туристер жаяу жүріп көре алатын жерде. Бірінші оларды бауырсақ қарсы алады, одан кейін домбыра, киім-кешек, кілем, көрпе-төсек. Осының барлығы үйіліп тұратын сауда орталығы болғанын армандаймын. Киіз үй өндіретін кәсіпорын және әр қазақтың үйінде киіз үй болса деп тілеймін. 

Мемлекеттің қолдауын тиімді қолданып отырған кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы арқылы елордада түйе жүнінен жасалған шұлық фабрикасын ашты. Кейін осы табиғи материалдан көрпе жасауды да қолға алды. Қазақ халқы түйе жүнінің емдік қасиетін жақсы білген. Бүгінде өнімге сұраныс жоғары. Осылайша, төл өнімімен нарықты бағындырған кәсіпкер «Алтын сапа», «Алтын оймақ» сынды байқауларына және «Ұлы дала көрмесіне» қатысып жатыр. 

Фото: el.kz