Димаш Құдайбергеннің франциялық жанкүйерлері Қазақстанның көрікті жерлерімен танысуда

Димаш Құдайбергенов өз өнерімен төрткүл дүниені тәнті етуде. Бүгінде әлемнің 114 мемлекетінде атағы әлемге тараған әншінің әндерін көпшілік біледі, тыңдайды. Бұл мемлекеттердің әрқайсысында жанкүйерлер клубы құрылған. Қазақстандық орындаушының Франциядағы фанаттары түрлі кездесулер өткізіп, Димаштың өмірі жайлы ақпаратпен бөліседі. Жақында шағын топ Қазақстанда болып қайтты. Туристер Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында болып, көрікті жерлерді аралады. Француздар әсіресе қазақстандықтардың ақпейілділігі мен еліміздің әсем табиғаты үлкен әсер еткенін айтады. Франциядағы жанкүйерлер клубының мүшелері алдағы жылы Қазақстанға тағы да келуді жоспарлап отыр. Олар бұл ойларымен Димаш Құдайбергеновтың жанкүйерлерінің әлеуметтік желілердегі парақшаларында бөліскен.

СИЛЬВИ ГАЛЬДЕАНО, ДИМАШ ҚҰДАЙБЕРГЕНОВТЫҢ ЖАНКҮЙЕРЛЕРІ КЛУБЫНЫҢ МҮШЕСІ:

- Қазақстанды келіп көруге шақыруы өте дұрыс. Себебі бұл елдің тарихы, мәдениеті бай. Бұл – ғажайып ел. Әр адам Қазақстанға келіп, көруі керек. Батыста біз өзіміздің түп тамырымызбен байланысты жоғалтып алдық десек те болады. Ал Қазақстанда ұлттық киім киіп, ат мініп жүрген адамдарды көруге болады. Мұны сақтау керек.

САНДРА СКАМАРОНИ, ДИМАШ ҚҰДАЙБЕРГЕНОВТЫҢ ЖАНКҮЙЕРЛЕРІ КЛУБЫНЫҢ ӘКІМШІСІ:

- Қазақстанда өзіміздің елімізде жүргендей сезіндік. Ол жақта бізді өте жақсы қарсы алды. Қазақ елі әсем табиғатымен және халқының қонақжайлығымен есте қалды. Бұл жақта бауыр басып қалдым. Сондықтан Қазақстанды қайта келіп ораламын.

Фото: egemen.kz