#ABAI175: Қазақстандық челлендж халықаралық деңгейге шықты

#ABAI175: Қазақстандық челлендж халықаралық деңгейге шықты

Ұлы Абайдың 175 жылдығына орай әлеуметтік желілерде тараған челендж халықаралық деңгейге шықты. Әлемнің түкпір-түкпірінде тұратын оқырмандар ақынның өлеңдерін оқып, қара сөздерін жатқа айтып, бейнежазбаларын жариялап жатыр. Жаһандық сипатқа ие болған игі шараға үн қосқандардың арасында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев, Еуразия жазушылар одағының төрағасы Якуб Өмероглу, шетелдік жазушылар, журналистер, қоғам қайраткерлері бар. Ұлыбританиялық профессор Абрахам Атта Огву Абайдың «Желсіз түнде жарық-ай» шығармасын ағылшын тілінде оқып шықты.

АБРАХАМ АТТА ОГВУ, ПРОФЕССОР /ҰЛЫБРИТАНИЯ/:

Желсіз түнде жарық ай,

Сәулесі суда дірілдеп.

Ауылдың жаны — терең сай,

Тасыған өзен күрілдеп.

ДӘУРЕН АБАЕВ, ҚР АҚПАРАТ ЖӘНЕ ҚОҒАМДЫҚ ДАМУ МИНИСТРІ:

Жігіттер, ойын арзан, күлкі қымбат,

Екі түрлі нәрсе ғой сыр мен сымбат.

Арзан, жалған күлмейтін, шын күлерлік

Ер табылса, жарайды қылса сұхбат.

Абай Құнанбаевтың 175 жылдығы елімізде мемлекеттік деңгейде атап өтіледі. Жалпы саны 500-ге жуық шара ұйымдастырылмақ. Оның аясында Абайдың мерейтойына арналған халықаралық ғылыми-практикалық конференция өткізуді, ақын еңбектерін шет тілдерге сапалы аудару сияқты шараларды іске асырылмақ. Сондай-ақ Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын ЮНЕСКО, ТҮРКСОЙ ұйымдары аясында мерекелеуді ұйымдастыру қарастырылған. Ал әлеуметтік желілерде тараған халықтық челенджге еңбектеген баладан, еңкейген қарияға дейін қатысып, үн қосуда.