Елімізде «Тұлпар мініп, ту алған!» республикалық байқауы өтеді

Елімізде «Тұлпар мініп, ту алған!» республикалық байқауы өтеді

Жадымыздан өшпесе де жас ұрпақтан жырақтап бара жатқан эпостық жырлар ортамызға қайта оралды. Ұлттық тәрбиенің қайнар көзі осы жырларда жатыр.

Осы мақсатта еліміздің барлық өңірлерінде батырлар жырын мәнерлеп, жатқа айтудан «Тұлпар мініп, ту алған!» республикалық байқауы өткізіледі. «Қобыланды батыр» жыры секілді ұлттық әдебиеттің жауһар қазынасын бойына сіңірген өрендер елжанды тұлға болып қалыптасары анық. Лиро-эпостық туындыларды оқу арқылы баланың тілдік қоры молайып, көркем ойлау және есте сақтау қабілеті арта түспек, дейді байқауды ұйымдастырушылар. Шіліңгір ыстық пен демалысқа қарамастан алматылық оқушылар мектептен шықпай, байқауға дайындалуда.

ФАРИДА РАШИД, 8-СЫНЫП ОҚУШЫСЫ:

 - Бастапқыда Қобыландының қалай дүниеге келгені, сонымен қатар оның бала кезден қандай батыр болып өскендігі айтылады. Бұл поэма, біздің есте сақтау қабілетімізді жақсартады және де өзіміздің тарихымызды білу, бізге артық етпейді деп ойлаймын.

Алматы қаласы бойынша 106 мектептен 1043 оқушы, 553 мұғалім байқауда бақ сынайды. Ал Сыр өңірінде «Тұлпар мініп, ту алған» байқауына қатысуға 3 мыңға жуық оқушы, 1,5 мыңдай мұғалім өтініш білдірген.

ЖАМБЫЛ ТІЛЕПОВ, «ҚАЗАҚ ЭПОС» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ҚОҒАМДЫҚ ҚОРЫНЫҢ ҚЫЗМЕТКЕРІ:

 - Осы байқауға қатысу үшін бүкіл республика бойынша, 5621 мектептен 51 328 оқушы, 23 138 мұғалім тіркелген болатын. Қазіргі таңда жаз болса да, оқушылар, мұғалімдер қызу дайындық үстінде.

«Тұлпар мініп, ту алған!» байқауы осымен екінші рет ұйымдастырылмақ. Оқушылар өткен жылы «Алпамыс батыр» жырын жаттаса, биыл 132 беттен тұратын «Қобыланды батыр» жырын айтады. Эпостық дастанның бізге 29 нұсқасы жеткен болса, әдебиетші ғалымдар бұл сынға Марабай жыраудың нұсқасын таңдаған екен. Республикалық жыр додасында 6-10 сынып оқушылары сынға түседі.  

СЕРІК СЕЙІТМАН, ҰЛТТЫҚ БАЙҚАУДЫҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:

 - Балалардың жазғы демалысында өтуі тиіс болған байқау оқу жылының басына ысырылды. Былтырғы оқу жылында 5 оқыған бала ендігі оқу жылында 6 оқиды. Олар қатыса алады ма деген сұрақ туындайды. Қатыстырылады. Өткен оқу жылында 10 оқыған бала қыркүйекте 11-ге өтеді. Олардың өтініштері күйіп кетпейді. 9 бітіріп, колледжге түсіп кеткен балалардың да өтініштері күйіп кетпейді.

Байқауда бақ сынайтын балалар туралы мәлімет Qazaq-epos.com сайтына апта сайын енгізіледі. Ал ойы тұнық, тілі орамды жарыс жеңімпаздары 1 млн теңгеден қаржылай сыйлық алады. Сондай-ақ жыл соңында олардың құрметіне «Нұр-Сұлтан» қаласында Гала-концерт өтеді.

Фото: Хабар 24