Жастар жылы: Әділхан Макиннің жеңісі

Қазақстандық дарын иелері әлем сахналарын бағындыруда. Жас әншілер өнер жолындағы табандылықтарымен және еңбекқорлығымен ерекшеленеді. Жақында отандасымыз Әділхан Макин «Славянский базар» музыкалық фестивалінің Гран-приін жеңіп алды. Сонымен қатар ол Беларусь президентімен биыл бекітілген арнайы сыйлықты қанжығасына байлады. Әділхан қазылар алқасын өзінің әмбебаптылығымен таңғалдырған. Вокалист түрлі техниканы еркін меңгерген екен. Әділханның ұстазы оның 3 октава дауысы әлеуетін әлі толық көрсетпегенін айтады.

ЯНИС КАЙСИДИ, ВОКАЛ БОЙЫНША ҰСТАЗ:

-  Әділханның 3 октава дауысының мүмкіндіктері толық көрсетілген жоқ. Жоғары және төмен ноталарды еш қиналмай, емін-еркін, әдемі орындайтыны аса маңызды. Ол ерекше болды. Қазіргі кезде сахнаға шығып, ән айтып қана қоймай, тыңдарманды таңғалдыра білу керек. Ол бұл міндетті жақсы атқарып шықты.

Қазақстандық орындаушылар Украинаның «Молодая Галичина» халықаралық фестивалінен де 1-ші жүлде әкелді. Жеңімпаздар мен дипломанттар қатарында Қуаныш Ерзатұлы, Мереке Кенжеғұлов және «Қазақ қыздары» тобы бар.

АҚТОТЫ РАЙЫМҚҰЛОВА, ҚР МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ СПОРТ МИНИСТРІ:

 - Мәдениет және спорт министрлігінің атынан Үкімет пен мемлекет тарапынан жас өнерпаздарға жан-жақты қолдау көрсетіліп отыр. Мәдениет саласы болсын, спорт болсын, ғылымда да үздік нәтижелерге қол жеткізіп жүрген жастарымыз көп. Биылғы «Жастар жылында» жастар лайықты өнер көрсетіп жүр.

Мамандардың айтуынша, отандық артистердің ірі халықаралық байқауларда топ жарып, еліміздің атын әлемге танытып жүргені – Қазақстанда мәдениет пен өнер саласының жоғары деңгейде дамығандығының белгісі.

Фото: webinfo.kz