Қазақстандық Нұргүл Нүсіпжанова Лондонда жеке концертін берді

Пианинода шебер ойнайтын жерлесіміз Лондон жұртшылығын тәнті етті. Қазақстандық Нұргүл Нүсіпжанова өзінің жеке концертінде Александр Скрябиннің «Соната-фантазия №2», Петр Чайковскийдің «Думка» атты танымал композицияларды орындады. Сонымен қатар өнерпаз қазақстандық авторлардың да еңбектерін көпшілік назарына ұсынды. Айта кетейік, кеш Қазақстанның Ұлыбританиядағы елшілігімен ұйымдастырылды.

Пианино шебері Нұргүл Нүсіпжанова музыка мамандарының отбасында туған. Оның әкесі Нұрғали Нүсіпжанов – белгілі әнші, Қазақстан Республикасының халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ал анасы – музыка мұғалімі. Нұргүл Алматы қаласында дарынды балаларға арналған республикалық мамандандырылған музыка мектебін тәмамдаған. Көптеген халықаралық байқауларда топ жарған музыкант – Нью-Йорктегі Карнеги-холл сахнасында өнер көрсеткен қазақстандықтардың бірі.

НҰРГҮЛ НҮСІПЖАНОВА, МУЗЫКАНТ:

- Мен тыңдармандарға жаңадан әрленген қазақ әндерін ұсындым. Оларды фольклорлық аспаптармен ғана емес, классикалық нұсқада да сайма-сай орындауға болатынын жеткізгім келді. Егер қызығушылық танытқандар болса, ноталармен бөлісуге дайынмын. Біздің музыка өте әдемі, құлақ құрышын қандырады.

Кешті тамашалауға дүйім жұрт жиналды. Тыңдармандар қазақстандық музыканттың концертіне жоғары бағасын беріп, мұндай кештерге жиі барып тұратындарын айтты.

ЛОУРЕНС ШЕРВИН, КӨРЕРМЕН:

- Біз төрт қазақ композиторының шығармаларын тыңдадық. Шығыстың белгілері бірден байқалады: дала, гүлдер мен таулар. Осының барлығы керемет әуенмен жеткізілді. Бәрі жақсы болды.

СКОТТ ЯН, КӨРЕРМЕН:

- Тамаша! Нұргүл – өте дарынды тұлға. Ол техникалық жағынан да мықты, мұнымен қоса сезім мен көңіл-күйді жеткізе алады, меніңше, бұл өте маңызды. Ол – шынымен де әсерлі музыкант.

Айта кетейік, бұл Нұргүл Нүсіпжанованың Лондонда алғаш рет өнер көрсетуі. Музыканттың болашаққа деген жоспары көп. Пианист шығармашылықпен айналысып, шеберлігін шыңдай түспек. Жас өнерпаз Қазақстанды, фортепиано мектебін және Ұлы Дала елінің музыкасын барша әлемге таныстырмақ.

Фото: mfa.gov.kz