Алматыда «Денистің достары» шоуы өтеді

20 шілде Алматы төрінде өмірден ерте озған мәнерлеп сырғанаушы, Сочи олимпиадасының қола жүлдегері Денис Теннің құрметіне арналған думанды кеш өтеді. «Денистің достары» атты бұл жолғы бағдарлама ерекше болмақ. Мәнерлеп сырғанаудан әлемге танылған спорт жұлдыздары өнер көрсетіп, Денисті еске алады. Осы бір әсерлі, әдемі спорт түрінің шеберлері орындайтын қойылымдар марқұмның музыкалық композициясымен әрленбек. Бұл – Денистің соңғы жылдары айналысқан ірі жобаларының бірі.

РЕНАТ ҒАЙСИН, КОМПОЗИТОР:

 - Бұл шоуға Денистің барлық достары әлемнің түкпір-түкпірінен оның туған жеріне келген. Олардың қатарында аттары аңызға айналған әлемдік жұлдыздар, спорт шеберлері бар. Бағдарламаның тағы бір ерекше тұсы – онда Денистің шығармалары орындалатын болады. Менің бар тілегім бұл шоуды көріп отырған көрермен Денистің бізбен бірге екенін, жарқ еткен жарық жұлдыздың мәңгі жадымызда екенін сезінсе екен.

Спортшылар шоудың алғашқы бөліміндегі 8 номерінде Денистің туындыларына сырғанайды. Ал Ресейден келген жұп Игорь Ерёменко мен София Шевченко Сочи олимпиадасында Денис Тенге қол жүлде сыйлаған Шостакович музыкасына арналған еркін бағдарламада қойылымды орындайды.

ЕЛЕНА РАДИОНОВА, ЖАСТАР АРАСЫНДА МӘНЕРЛЕП СЫРҒАНАУДАН ЕКІ ДҮРКІН ӘЛЕМ ЧЕМПИОНЫ:

 - Мен бұл кеште 2014 жылы Денис өнер көрсеткен музыканың сүйемелдеуімен сырғанаймын. Ол «Mi Mancherai» деп аталған композицияға керемет билеген болатын. Бұл өте бір жүректі елжірететін туынды, маған қатты ұнайды. Барлықтарыңызды 20 шілде күні болатын «Денистің достары» деп аталатын кешке шақырамын. Денис біздің есімізде мәңгі қалады, ұмытылмайды да.

Өте дарынды әрі көп қырлы Денис Тен мұз айдынында қалықтап, керемет өнер көрсетіп қана қоймай, ән шығарумен айналысып, оны өзі орындап, киносценарий де жазды. Сондықтан осы кештің шымылдығы оның авторлық әнімен ашылады.

Фото: azattyq.org