Елордада «Нұрсұлтан Назарбаев: жасампаздық дәуірі» атты көрме ашылды

«Нұрсұлтан Назарбаев: жасампаздық дәуірі». Елордада дәл осындай атаумен фотокөрме қанат жайды. Ашық аспан астындағы мәдени шара бір айға жалғасады. Көрермендер Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбек жолымен фото және суретшілер шығармашылығы арқылы таныса алады. Жиыны 90-ға жуық туындыда Елордамыздың қалыптасу кезеңі, Нұрсұлтан Назарбаевтың мемлекет тарихындағы маңызды жиындар мен келелі кездесулері бедерленген. Көрме, әсіресе шетелдік меймандардың көзайымына айналды.

ЖАНҰЗАҚ МҮСӘПІР, ҚАЛАЛЫҚ СУРЕТШІЛЕР ОДАҒЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

-  Суретшілердің қойған картиналары арқылы Нұр-Сұлтанға әлемнен келген қонақтар өздерінің қайда келгенін, бұл мемлекеттің қандай ерекшелігі бар екенін осы картиналар арқылы бағдарлап, біліп жатады ғой деп ойлаймын.

ЯНА ДИБЕР, ТУРИСТ /ГЕРМАНИЯ/:

-  Біз осы қаланы бірнеше күннен бері аралап, саяхаттап жүрміз. Әсіресе Бәйтерек кешені керемет екен. Түнгі қаланы аралаудың өзі ерекше әсер қалдырады. Түнгі жарықтандыру көңіл қуантады. Мен қаланың келбетін көп суретке түсірдім. Алған әсерімді ұмыта алмаспын. Бұл шаһарға бірінші рет келуім. Үш күн болдық. Бас қаладан басқа Қазақстанның керемет жерлері барына сенімдімін. 

Фото: aikyn.kz