Нұр-Сұлтанда «The Spirit of Eurasia» заманауи этникалық музыка фестивалі өтті

Арқа төрінде әлем халықтарының мәдениеті тоғысты. Нұр-Сұлтанда «The Spirit of Eurasia» заманауи этникалық музыка фестивалі өтті. Жергілікті тұрғыдар мен бас шаһардың қонақтарына 13 шығармашыл топ 14 мемлекеттің дәстүрлі саз өнерінен сусындатты. Жанды дауыстағы түрлі ұжымдардың музыкалық композициялары этно-фестиваль қатысушыларының туған елінің тарихы жөніндегі интерактивті фильмдермен ұштастырылды. Кешке жиналған  қауым түрлі халықтардың саз аспаптары мен заманауи электронды музыканың үндестігі тудырған ерекше сарынды әуенге қанық болды.  

ЖАН ҚАСТЕЕВ, ФЕСТИВАЛДІҢ БАС ПРОДЮСЕРІ:

 - Биылғы фестивалді ұйымдастыру кезінде қатысушылардың саны барынша көбірек болуына ден қойдық. Сондықтан Еуразия кеңістігін қамтитын дәстүрлі музыкалық байқауға осы аймақтағы өнер ұжымдарын толықтай жинауға тырыстық. Бұған қоса кезекті шараға африкалық өнерпаздар қатысты. Осы құрлықтың Зимбабве елінен келген «Mоkoomba» тобы фестивальдің көркін аша түсті. Бұндай ерекше өнер ұжымы біздің қала мен Қазақстан түгіл көршілес Орталық Азия елдерінің аумағында болмағанын айту керек.

«ASHINA» ТОБЫ, /ҚАЗАҚСТАН/:

 - Біздің «Ашина» тобы 2017 жылдан бері жұмыс жасап жатыр. Көбіне репертуарлық қорымызда авторлық және халық композиторларының әндері. Бұдан бөлек күйлер мен әртүрлі композициялар бар. Атап өткендей топтың стилі - «нью-эйдж».

Музыкалық шоу ел астанасының туған күніне арналған ерекше сый болды. Сондай-ақ фестиваль Қазақстандағы «Жастар жылына» орай ұйымдастырылып отыр.