Нұр-Сұлтан қаласы тарихынан сыр шертетін көрме

Қазақстанның Ұлттық мұрағатында еліміздің бас шаһарының құрылу тарихы мен дамуына арналған  көрме ашылды. Мұнда Еуразия кіндігінде бой түзеген жас та болса, қуатты құрылыс мекенінің қалануынан сыр шертетін мұрағаттық құжаттармен танысуға болады. Сымдай тізілген сәулетті ғимараттар, жалпы, қаланың жарасымды кейпін танытатын жылнамалық фото материалдармен қатар, сирек кітаптар мен көне қолжазбалар орталығының қорында сақтаулы құнды деректер келтірілген. Алатау бөктерінен Сарыарқа төріне көшірілген астананың өткені мен бүгіні барынша көрсетілген. Жаһандық деңгейдегі келелі кеңестер, алқалы жиындардың ордасына айналған, шаһардың мәдени, саяси өмірі де көрініс тауып отыр.  

ЖАНГЕЛДІ МАХАШОВ, ҚР ҰЛТТЫҚ АРХИВІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:

 - Бізде елордамызда өткен барлық ресми шаралардың құжаттары бар. Еуропадағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастық ұйымының, Шанхай ынтымақтастығы елдерінің отырыстары сынды барлық халықаралық жиындарға қатысты деректер көпшілік назарына ұсынылды. Жалпы елдің бас қаласы Қазақстанды айдай әлемге танытты. Елдегі ірі халықаралық іс-шаралар жер-жаһанға бүгінімізбен бірге төл тарихымызды, мәдениетімізді насихаттауға сеп болды.

Қала тұрғындары мен шаһар қонақтары кұнды материалдар қойылған ерекше көрмемен үстіміздегі ай соңына дейін таныса алады.  

Фото: ulttykarhiv.kz