Елордада «Ұлттық домбыра» күні өтеді

«Домбыра – ұлтымыздың бренді мен паспорты, ешкімге ұқсамайтын қайталанбас келбеті», - деген ұранды сөздермен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өткен жылы «Ұлттық домбыра» күніне айшық берген болатын. Міне, биыл аталмыш шара республикамыздың барлық өңірінде екінші мәрте аталып өтпек. 

НАРИМА МҰХАМБЕТАЛИНА, НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАЛЫҚ МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ СПОРТ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - «Ұлттық домбыра» күні. 2018 жылы бірінші рет өткізсек, биыл кішкене тәжірибе жинап, ауқымды өткізейін деп жатырмыз. Бұл шара шілденің 7 күні «Қазақ елі» монументінің алаңында өтеді. Ұйымдастыру жұмыстары 1-2 ай бұрын да басталып кеткен.

Иә, ауқымды шараға дайындық жұмыстары бірнеше ай бұрын басталған. Бүгінде 7 шілде күні 600-ден астам домбырашы алаңға шығып, ортақ күй тартады деп күтілуде. Ал былтыр да , биыл да шараның басы-қасында жүрген, бас дирижер Айтқали Тілепқалиұлының айтуынша, «Ұлттық домбыра» күні белгіленген күннен бері, домбырамыздың қадір-қасиеті, дәрежесі арта түсті дейді.

АЙТҚАЛИ ЖАЙЫМОВ, ДИРИЖЕР:

 - Домбыра күні жарияланғалы бері домбырамыздың мәртебесі өсіп кетті. Бұрындары да түрлі шаралар, конкурстар өтіп жататын. Дегенмен былтыр енді Елбасымыздың жариялап, домбыраны мемлекеттік деңгейге көтеріп тастады. Бұрыннан қазақ домбыраны қасиетті деп санап, домбыра мен қобызын төрге іліп қойған.

Шараға өткен жылы 2000-ға жуық өнерпаз қатысса, биыл облыстан келушілер саны азайған. Мерекелік датаның мәртебесі арта түскендіктен, әр облыс өз жерінде атап өтпек.

АЙТҚАЛИ ЖАЙЫМОВ, ДИРИЖЕР:

– Биылғы жылы Нұр-Сұлтан қаласы әкімлігінің шешімімен қаланың көркем өнерпаздарымен, оркестрлермен, ансаблдермен өтеді. Себебі, былтыр енді елордамызда басталдық, енді әр облыс, әр өңір өзі енді жалғастыруға тиіс.

Елбасы Жарлығымен жүзеге асқан Ұлттық домбыра күні халықтың рухын көтеретін керемет шаралардың бірі болып табылады. Бұл үрдіс жыл сайын тұрақты түрде өз жалғасын таба бермек. 

Фото: Хабар 24