Елорданың кинодағы бейнесі

Дүниежүзіне Қазақстан астанасы ретінде танылған жас қала Нұр-Сұлтанның әсем келбеті жыл өткен сайын рухани құндылықтардың қайнар көзі ретіндегі көркем өнер туындыларының жарық көруіне негіз болуда. Елорда туралы ән де, жыр да, тіпті толықметражды фильмдер де жарыққа шықты. Бүгінде бас қаламыздың сұлулығын байқап, баға берушілер саны күн өткен сайын артуда.

ДМИТРИЙ ДЮЖЕВ, АКТЁР / РЕСЕЙ/:

– Мен үшін бұл қала – ерекше, көзтоярлық өнер туындысы болып табылады. Жазық даланың үстіне таңғажайып жағдайда дайын әсем қаланы әкеліп ұқыпты етіп орнатып қойғандай. Ұшақ қона бастаған сәтінде мен терезеден қарап, шегі жоқ жазық даланы көрдім. Ал ортасынан айсберг секілді жарқырап тұрған қаланы көрдім. Бұл қала – болашақтың қаласы. Сондықтан егер сен мұнда болмасаң, оны тіпті көз алдыңа елестете де алмайсың.

«Болашақтың қаласы» деп тек қаланың қонақтары ғана емес, танымал отандық режиссерлер де санайды. Ал танымал режиссер Асқар Бисембин елордада толықметражды фильм түсіруге барлық мүмкіндік бар дейді.

АСҚАР БИСЕМБИН , РЕЖИССЕР:

-  Маған біздің елордамыздың қалай дамып жатқандығы ұнайды. Біз үшін режиссерлерге жаңа локациялар, жаңа орындардың бар болғаны маңызды. Ал мұнда ондай жерлер өте көп. Кино түсіруге лайықты қала деп санаймын. Айта кетейін, түсірілім туралы жұмыстар бұған дейін жүргізілді. Біз достарымызбен осы тақырып турасында сөйлестік. Бірақ ол уақытта біздің түсірілім жұмыстарына бірден кірісіп кетуімізге жағдай болмаған болатын.

Ал егер қиялға ерік берсек, режиссер елорда туралы фильмде орта жастағылардың кездесулері мен қарым-қатынасы туралы картина түсірер едім дейді.

АСҚАР БИСЕМБИН , РЕЖИССЕР:

– Меніңше, біздің елордамыз әлі де жас қала болғандықтан, бұл жер, бұл орта жаңа кездесулердің ортасы деп санаймын. Біздің елордамыз Еуропа мен Азияның ортасында орналасқандықтан, бұл жерді – кездесулердің қаласы, жаңа қарым-қатынастың қаласы деуге әбден болады. Жастардың ғана емес, ересектердің арасындағы қарым қатынас, жаңа таныстық. Бұл өте қызық. Әрине бұл менің ойыма келген тек алғашқы идея.

Жыл өткен сайін әсем астанамыз тек дамыған үстіне дами түсуде. Ал оның әсемдігі мен әдемілігін әлі талай режиссер танытары хақ.

Фото: journal.tinkoff.ru