Парижде қазақстандық дизайнерлердің коллекциясы көрсетілді

Парижде сән апталығы басталды. Оның аясында қазақстандық жас дизайнерлер Oriental Fashion Show-ға қатысты. Шығыс елдері сәнгерлерінің басын қосатын шараға қазақстандық дизайнерлер үнемі қатысып келеді. Осы жолғы апталықта ұйымдастырушылар болашағы зор жаңа сәнгерлердің есімдерін паш етті.

ХИНД ЖУДАР, «ORIENTAL FASHION SHOW» НЕГІЗІН ҚАЛАУШЫ:  

 - Қазақстан –мәдениеті мен тарихы бай ел. Біз сән арқылы қазақтың салт-дәстүрін жаңғыртуды мақсат етіп отырмыз.  Қазақтар өз мұрасының құндылығын түсінген халық. Өзіміздің кім екенімізді білген жөн. Бұл өзіңнің бірегейлігіңді жеткізудің бір жолы. Біздің шоу дизайнерлерге өз елдерінің мәдениетіне тән тұстарын көрсетуге мүмкіндік береді.

Париждегі сән сахнасында алғаш рет Жанна Кан мен Назым Қарпықованың топтамалары паш етілді. Жас дизайнерлер Қазақстанда өткен сән апталығында ерекше көзге түсіп, Франция астанасында өтетін шараға шақырылған.

НАЗЫМ ҚАРПЫҚОВА, «ARUNAZ» БРЕНДІНІҢ НЕГІЗІН ҚАЛАУШЫ:

 - Меніңше, елімізде дизайнерлер саны көбейді. Осының арқасында бәсеке артып, ілгері дами бастадық. Бәрі де киім тігіп, жан-жақты сұлулықты жеткізуге тырысады. Әдемі етіп жасайды. Соның нәтижесінде дизайнерлеріміз жылдан жылға шыңдалып келеді.

Ұлы Даланың сәнді киім үлгілері көрермендерді баурап алды. Әйел болмысына ерекше нәзіктік беретін киім үлгілері көптің көңілден шыққан сыңайлы.

СВЕТЛАНА ПЛОТНИКОВА, «ZARDOSIBYCONSTELLA» БРЕНДІНІҢ ӨКІЛІ:

 - Бұл көрме сауда белгіміздің беделін өсірумен қатар, серіктестік орнатуға мүмкіндік береді. Осылайша, біз өзге елдердің өкілдерімен танысып, байланыс орната аламыз.

Жұрттың қызығушылығын тудырған бұндай шараға қатысу жас модельерлер үшін таптырмас мүмкіндік, дейді ұйымдастырушылар. Өйткені онда сән саласының беделді тұлғаларымен қатар, түрлі сауда жүйелерінің өкілдерімен кездесуге болады. Мысалы, бұл жолы көрсетілімге Корея, Гонконг және Франция елдерінен фэшн байерлер қатысты.

Фото: arunaz_atelier