Төле би туралы фильм көрсетіледі

«Төле би» тарихи сериалы көрермен назарына жол тартты. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында, «Ұлы даланың ұлы тұлғаларын» ұрпаққа таныту мақсатында түсірілген сериал, дала төрешісінің өмірі туралы баяндап, қазақтың ғұмырнамасын түгендейтін туынды. Бүгінде Төле би десе тарих кітаптарынан білетініміз қазақта болған билерден бөлек болған үшеудің бірі, шешен, бала күнінен төрелік еткен. Десе де қара қылды қақ жарған, үш жүзге төбе би болса да, қайраткеріміз туралы білетініміз шамалы.

Он сериялы тарихи туынды, дала төрешісінің бала биден, дана биге дейінгі өміржолын суреттейді.

АЙДОС ТҰРЫСБЕК, «ХАБАР» ТЕЛЕАРНАСЫНЫҢ БАС ПРОДЮСЕРІ:

- Бұл енді ғұмырнамалық сериал десек болады. Оның іңгәлап дүние есігін ашқан сәттен бастап, ер жетіп, ел басқарған мемлекет және қоғам қайраткеріне дейін жүріп өткен жолы көрсетіледі. Бүкіл осы Төле бидің өмірі мен қазақтың тарихы бірге өріліп отырады. Осы Төле бидің өмірі арқылы сол кездегі Қазақ хандығының, қазақ өмірінің сол кездегі тағдырын, өмірін көре аламыз.

Тарихи фильмге 10-ға жуық ғылыми зерттеудің нәтижесі арқау. Он серия – Ұлы жүздің бас биі төрелік еткен ең жарқын деген 10 тарихи сәтті суреттейді. Фильм Төле бидің қазылық қырынан бөлек, батырлығын, шешендігін, Ташкенді билеген іскерлігі жайында да баяндайды.

БАТЫРХАН ДӘУРЕНБЕКОВ, «ТӨЛЕ БИ» ФИЛЬМІНІҢ РЕЖИССЕРІ:

 - Ташкентті жоңғарлардан азат етіп, кейін 20 жылдай билеген. Үлкен саясаткер болған. Өзінің баласы Жолаңды Қытайға жіберіп, бейбітшілікті ұстап тұрған адам. Ташкентті билеген хәкім болған, ұлы саясаткер екендігін көрсетеді.

Түркістан облысының тапсырысы бойынша түсірілген фильм, өңірдің біржылдығы мен елорда күні қарсаңында Ұлы би – Төленің рухына тағзым болмақ. Қазақтын тарихын түгендейтін туынды «Хабар» арнасынан көрсетілетін болады.

Фото: obk.kz