«Хабар» Агенттігі боксшы Бекзат Саттарханов жайлы көркем фильм түсірді

«Хабар» Агенттігі жасындай жарқ еткен спортшы, Сидней олимпиадасының чемпионы Бекзат Саттарханов жайлы көркем фильм түсірді. Қалың көпшілік туындының жабық көрсетілімін тамашалап үлгерді. Небәрі 20 жасында байрағымызды көкке көтеріп, Сидней олимпиадасында атой салған боксшы Бекзат Саттархановтың бақилық болғанына 20 жылға жуықтады. Аз ғұмырында көп естелік қалдырған азаматты халқы әлі күнге дейін дәріптейді. Фильмде басты ролді жас актер Самат Әзімқұлов сомдады. Ол бокспен бес-ақ жыл айналысып, Олимп шыңын бағындырған саңлақ спортшыны бейнелеу үлкен жауапкершілік екенін айтады. Толықметражды фильм қазан айында еліміздің барлық кинотеатрларында көрсетіледі.

РИНАТ КЕРТАЕВ, «ХАБАР» АГЕНТТІГІ» АҚ ТӨРАҒАСЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Өзім фильмді көріп отырып, таңғалған бір эпизод бар. Екі сағат бойы жаттыққан Саттархановты дәрігерлер келіп, жүрек қағысын тексергенде, екі сағат демалып жатқан адамның денсаулығындай фактіге куә болған. Бұның өзі Бекзаттың бойындағы тума талант Алланың берген ерекше қасиеті болғандығын көрсетеді.