Шымкентте «Болашаққа көзқарас» қола мүсіні тұрғызылды

Шымкентте «Болашаққа көзқарас» монументалды мүсіні пайда болды. Композиция Santo фармацевтикалық зауытының аумағында орнатылды. Авторлардың айтуынша, туынды денсаулық сақтау саласындағы инновациялық технологияларды бейнелейді.

Қоладан құйылған салмағы бірнеше тонна тартатын бұл мүсін еліміздің, медицинаның және зауыттың келешегін айшықтайды. Монумент тұрғызу идеясы осыдан 2 жыл бұрын Santo компаниясының 153 жылдығы атап өтілгенде туған. Зауыт жариялаған байқауға еліміздің үздік мүсіншілері қатысып, алматылық шығармашылық топ жеңімпаз атанды.

ЭЛЬЖБЕТА ДЖИКОВСКА, СТАРАК ОТБАСЫ ҚОРЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Бұл мүсін біздің компанияның, оның дамуын паш етеді. Авторлары – жас мүсіншілер. Компаниямызда әрқашан жастарға қолдау бар. Олар – біздің болашағымыз.

Сондай-ақ осы күні зауытта цифрлық инженерлік және білім орталығы салтанатты түрде ашылды.

РУСТАМ БАЙҒАРИН, SANTO ЗАУЫТЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

 - Президент техникалық орта білімді дамытуға басымдық беру керектігін айтты. Біз үн қатып, осы оқыту-білім беру орталығын аштық. Мұнда екі сынып бар. Біріншісінде студенттерге автоматтандыру, электроника жүйелерінің тәжірибелік дағдылары үйретіледі. Екіншісі – мамандандырылған компьютерлік сынып.

Бұл орталықта студенттер тегін білім алмақ. Оның жұмысын толықтай Santo компаниясы қаржыландыратын болады. Орталықты құруға 100 млн теңге инвестиция құйылды. Оның басты міндеті – ІТ-технологиялар, метрология, технологиялық процестерді автоматтандыру және басқару саласында мамандарды және колледждер мен Жоғары оқу орындарының студенттерін оқыту. Сыныптар Германия, Италия және АҚШ-тың заманауи жабдықтарымен жарақталған. Бұл оқыту процесін көрнекі етіп, әралуан оқыту құралдарын қолдану арқылы студенттерге жаңа білімді игеруді жеңілдете түспек.