Елордада «Шыңғысхан» хореографиялық спектаклінің премьерасы өтті

Елордада «Шыңғысхан» хореографиялық спектаклінің премьерасы өтті

Елордада Азиядағы тұңғыш біртұтас мемлекет құрушы, өз заманының аса ірі әскери қайраткері Шыңғысханның өмірі мен ерен еңбегіне арналған хореографиялық қойылымның премьерасы өтті. Қойылымды сахналау идеясы хореограф Тугсуу Тумурхуягке алғаш рет 2016 жылы келген. Алайда қойылым арада 3 жыл өткен соң барып қанатын кеңінен жайып, көрермен назарына ұсынылды.  

ТУГСУУ ТУМУРХУЯГ, ХОРЕОГРАФ /МОНҒОЛИЯ/:

 - Шыңғысхан қойылымын сахналау идеясы алғаш рет 2016 жылы келді. Кейін Қазақстанға келіп, тарихи қойылымды 21 тәуліктің ішінде дайындап шықтым. Ал оны арай қарай кәсіби балетмейстер Қадиша бастаған топ дамыта түсті. Оның ішінде бишілердің костюмдерін, сахналық образдарын, барлығын осындағы әріптестерім 3 жыл ішінде дайындады. Бұл оңай жұмыс емес.

Қойылым 3 жыл ішінде дайындалса да, оған белсенді дайындық жұмыстары биылғы жылдың қаңтар айынан басталған. Шыңғысханның өмірінде де, қойылым барысын да басты рөлде Бөртені сомдаушы Гаухар дайындықтың оңайға түспегендігін айтады. Бөртенің ауыр тағдырын сезіне алған ол, басты мақсат көрермен көңілінен шығу дейді.

ГАУХАР ИСМАҒҰЛОВА, «НАЗ» МЕМЛЕКЕТТІК ТЕАТРЫНЫҢ ӘРТІСІ:

 - Қиындық болды. Себебі бұл кішкене басқа манерадағы, басқа көлемдегі қойылым болғандықтан, кішкене қиындау түсті. Яғни қойылымның трагедиялық тұстары көп болғандықтан, ішкі жан дүниеге де кішкене қиындау. Ер жігіттердің бізді көтеретін қолдаулары ерекшелеу. Сол жақтары қиындау болды.

Тарихы мен тағылымы ұқсас екі елдің сахнадағы өнері де бір-біріне жақын деген пікірде, шетелдік хореограф.

ТУГСУУ ТУМУРХУЯГ, ХОРЕОГРАФ /МОНҒОЛИЯ/:

-  Мұндағы бишілер талантты. Сондықтан мен ойлаған дүние шықты. Біздің елдеріміз, халқымыз ұқсас. Арғы тегі бір, дүниетанымымыз бір, екеуі де көшпелі халық, екеуі де киіз үйде тұрады, үлкенді құрметтейді. Мұндай ұқсастықтарымыз біздің ортақ дүниемізді сәтті шығаруға үлкен әсерін берді.

Қойылым кәсіби мамандардың орындауында арнайы жазылған музыкамен, көркем декорациямен, сол дәуірдің ғажайып костюмдерімен көрерменді баурап алды. Шыңғысханның қайсарлығының арқасында әкесінің, жарының кегін қайтарып, ұлан-байтақ жерге ие болып үстемдік құруы, замандастарының оны хан көтеруі бұл қойылымда асқан шеберлікпен сахналанды. Айта кетейік, шара Жастар жылы аясында және қала күні мерекесіне арналды.

Фото: inform.kz