Алматы облысында «Қымызмұрындық» мерекесі тойланды

Алматы облысында «Қымызмұрындық» мерекесі тойланды

Қымыз – көшпенді қазақ халқының ұлттық сусыны. Олар шөлді қандырып қана қоймай, емдік мақсатта да пайдаланылатын болған. Қазақ халқы осы бір сусынға «Қымызмұрындық» мерекесін арнаған. Ол – жаз жайлауға жеткенде тойланатын ұлық мереке. Осы күні ел-жұрттың ақ батасымен желіге құлын байланып, бие сауылады. Кейінгі жылдары ұмыт бола бастаған салт-дәстүрді Алматы облысының шаруалары жандандырып келеді. Жыл сайын Текелі тауының бөктерінде бұл мейрамды бар сән-салтанатымен атап өтеді. Биыл да игі шара жалғасын тапты.

Бұл мерекеде бұлжытпай орындалатын тағы бір дәстүр бар. Ол «Ақ тамақ» деп аталады. Яғни қазан-қазан ет асылып, берекелі дастарқан жайылады. Мың да бір дертке шипа болған қымыз құйылып, «көпке бұйырсын» деген тілекпен үлкен-кішіге тегіс ұсынылады.   

МӘКЕН НҰРБАЙҚЫЗЫ, ТЕКЕЛІ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Мына тұрған малдың сүтінен жасалған тағамдар «ақ тамақ» деп аталады. Ақ тамаққа қымыз, қымыран, ірімшік деген бәрі «ақ тамаққа» жасалады.

Қымызмұрындық мейрамында ұлттық тағамдармен қатар, салт-дәстүріміз кеңінен көрініс тапты. Соның бірі – шу асауды үйрету.  Бұл күні жүген, ноқта тимеген құла құнанға шалма салынып, алғаш рет тақымдалды. Бір қызығы ырық бермей тулаған төрт түліктің төресін 70 жастағы Құрмет Ақанұлы тапжылтпай басып ұстады. Қайраты қайтпаған қария көрік отын қыздырып, темірден де түйін түйді.

ҚҰРМЕТ АҚАНҰЛЫ, ҚОЛӨНЕР ШЕБЕРІ:

- Кездікті өзім жасаймын. Ешкі, арқардың мүйізінен жасалады. Асыл темірмен жүзін жасадым.

Мереке соңы ұлттық спорттық ойындарға ұласты. Тақымы мықты білекті де жүректі жігіттер аударыспақта сынға түсіп, көкпар тартты. 

Фото: 7-su.kz