Нұр-Сұлтан қаласында XV халықаралық «Еуразия» кинофестивалі басталды

Нұр-Сұлтан қаласында XV халықаралық «Еуразия» кинофестивалі басталды. Байқау аясында 12 толықметражды және дәл сонша қысқаметражды фильмдер сараланатын болады.

ЕРМЕК ТҰРСЫНОВ, «ЕУРАЗИЯ» ХКФ-НІҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

-  Біз фильмдерді таңдап, іріктеген кезде, соңғы жылдарда, яғни 2018-19 жылдары түсірілген картиналарға қатты мән бердік. Осы кинотуындылардың көбі – әлбетте «А» санатындағы халықаралық фестивальде жүлде алған туындылар. Киноның білікті мамандары, жетекшілері, продюсерлері  осы шараға көптеп жиналды. Шақырған адамдарымыз түгел келді. Біз оларды әлемнің әр түкпірінен шақырып, Қазақстан туралы көп мәлімет беріп, мүмкіндіктерімізді паш еттік. Шеттен келген қонақтарға ұсыныстарымызды айтып, қазақ  киносының болашағын дамытуға қадам жасау мақсатында бірлесе кино өнімдер шығаруға шақырдық.

Шетелдік кино мамандарының айтуынша, «Еуразия» кинофестивалінің  жылдан жылға беделі өсіп, абыройы асқақтап келеді. Туындыларын ала келген режиссерлер осы шарада көзге түседі.

СЕРГЕЙ РАХЛИН, «ЕВРАЗИЯ» ХКФ-НІҢ ҚЫСТА МЕТРАЖДЫ ЖӘНЕ АНИМАЦИЯЛЫҚ ФИЛЬМДЕР БОЙЫНША БАЙҚАУЫНЫҢ ӘДІЛҚАЗЫЛАР ТӨРАҒАСЫ /АҚШ/:

 - Сіздердің кинода артхаустық бағыт басым. Сондықтан да көркем фильмдеріңіз әлемдік дәрежеге келеді. Тіпті оны назарға алып, тілге тиек етуге де болмайды. Айдан анық, көзге көрініп тұр. Мәселен, мен Ермек Тұрсыновтың «Жат» фильмін әлемдік деңгейдегі кино санатынан көремін.

Үсті-үстіне өткізілетін дөңгелек үстелдер, конференциялар, киноматаграфистердің мастер-класстары фестивальдің ауқымын айшықтайды. Фестиваль аясында байқаудан да тыс шаралар өтеді деп жоспарланған.